Қарағандыда қарияны ұрып-соққан жасөспірімдерге қатысты істің айыптау актісі оқылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облыстық сотында Теміртауда жасөспірімдерге қатысты резонансты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында прокурор айыптау актісін жария етті. Айыпталушыларға «күш қолдану арқылы топтасып тонау» бабы бойынша айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, былтыр жазда Теміртауда бірнеше жасөспірім егде жастағы ер адамға шабуыл жасаған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар алдын ала келісіп, жәбірленушінің жеке заттары мен ақшасын иемденуді жоспарлаған.
Айыптау актісінде топ мүшелерінің рөлдері алдын ала бөлінгені атап өтілді: біреуі айналаны бақылаған, екіншісі жәбірленушіге жақындаған, ал қалғандары оқиға орнынан қашып кетуге көмектескен. Шабуыл нәтижесінде ер адам жарақат алып, келтірілген материалдық шығын едәуір болғаны көрсетілді.
Прокуратура айыпталушылардың әрекетін «күш қолдану арқылы топтасып жасалған тонау» бабы бойынша саралады. Солардың бірі қылмыс жасалған сәтте кәмелет жасына толмаған, бұл сотта жеке мән-жай ретінде қаралып отыр.
Бүгінгі отырыс барысында судья айыпталушыларға соттағы тәртіпті бұзғаны үшін ескерту жасады.
Сонымен қатар жәбірленуші денсаулығына байланысты процеске қатыса алмады. Қарияның қорғаушысы медициналық анықтама ұсынды. Алайда айыпталушылардың адвокаттары оның онлайн қатысуын сұрап, сот бұл өтінішті қанағаттандырды.
Қазір сот тергеуі жалғасып жатыр. Келесі отырыста куәгерлерден жауап алу және айғақтарды зерттеу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, полиция қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасында қылмыс жасағандар саны күрт көбейгені туралы мәлімдеген болатын.