Қарағандыда мектепке жапсарлас жай мен жер телімінің жекешелендірілуі заңсыз танылды

Фото: видеодан алынған кадр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZNFORM - Қарағандыда жалпы білім беретін мектепке жапсарлас салынған екі қабатты нысан мен оған тиесілі 1 гектар жер телімінің жекешелендірілуі заңсыз деп танылды.

Іс Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Дау тудырған мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сот материалдарына сүйенсек, 2000 жылы Қарағанды қаласының коммуналдық меншікті басқару департаменті жұмыс істеп тұрған мектепке жапсарлас салынған екі қабатты ғимаратты жекеменшік университетке 789 мың теңгеге сатқан. Сауда келісімшарты жасалып, нысан жаңа иесінің иелігіне өткен.

Араға алты жыл салып, 2006 жылы қала әкімдігі аталған жапсаржайды пайдалану үшін оған тиесілі 1 гектар жер теліміне жеке тұлғаның атына мемлекеттік акт берген. Алайда 2009 жылы бұл құжат өзгертіліп, жер пайдаланушы ретінде енді азамат емес, университет көрсетілген. Көп ұзамай университет пен жер қатынастары бөлімі арасында жер телімін сатып алу-сату туралы келісім жасалады.

Мемлекеттік аудит нәтижесінде уәкілетті орган анықталған заңбұзушылықтар негізінде сотқа жүгінеді. Талап арызда университетке, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, экономика, жер қатынастары басқармалары мен қала әкіміне қатысты мәмілені жарамсыз деп тану сұралған.

Талапкер тарап жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жекешелендіру туралы» және «Жер туралы» жарлықтарының 5 және 8-баптары өрескел бұзылғанын алға тартты.

Сот бұл уәждерді орынды деп тапты. Азаматтық кодекстің 158-бабына сәйкес, заңға қайшы немесе құқықтық тәртіп негіздерін бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Сонымен қатар «Жекешелендіру туралы» Жарлықтың 8-бабы бойынша, мемлекеттік мүлік тек мемлекеттік кәсіпорын таратылған жағдайда ғана жеке меншікке берілуі мүмкін. Ал бұл жағдайда мектеп жабылмаған, әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған білім беру мекемесі саналады. Жапсарлас құрылыс жеке нысан ретінде бөлінбеген, мектеппен бір мекенжайда орналасқан және ортақ кадастрлық нөмірмен тіркелген бөлінбейтін жер телімінде тұр.

«Жер туралы» Жарлықтың 23-бабына сәйкес, егер жер телімі бөлінбейтін деп танылса, онда оны бөліп беру немесе үлесін ажырату мүмкін емес.

Сот тараптардың уәждерін тыңдай келе, талап қою мерзімі өтпеген деген шешімге келді. Себебі, бұл мерзім заңбұзушылық анықталған кезден бастап есептеледі.

Нәтижесінде, мамандандырылған сот 1 гектар жер телімі мен жапсарлас құрылысты сату туралы келісімдерді жарамсыз деп таныды. Қалалық әкімдіктің осы мәміле негізінде шығарған қаулылары да заңсыз деп танылып, күші жойылды. Тараптар бастапқы құқықтық мәртебесіне қайтарылды.

Апелляциялық алқа бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, Ақтөбе облысында бүгінге дейін 50 мыңға жуық жер телімі берілгені жайлы жазған болатынбыз.