Қарағандыда туристік компания 34 азаматтың 52 миллион теңгесін қолды қылып, алдап соққан

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды қаласында саяхаттауға ниетті 30-дан астам адамға сан соқтырған,  туристік агенттіктің иесі ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

— Қарағандыда 53 жастағы азаматша полицияға арызданды. Ол туристік агенттік иесінің алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болғанын мәлімдеді. Әйел көптен күткен демалысын ұйымдастыру үшін турагентке 900 мың теңге берген, алайда уәде етілген сапар жүзеге аспай қалған, — делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында бұл агенттікке қатысты осындай тағы бірнеше шағым тіркелгені анықталды. Қазіргі уақытта полицияға осы туристік агенттіктің қызметіне шағымданған тағы 34 азаматтың өтініші түскен.

Күдікті өз әрекетін валюта бағамының күрт өсуімен және соның салдарынан туындаған қаржылық қиындықтармен түсіндірген. Тергеу мәліметінше, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық залал шамамен 52 миллион теңгені құрайды. Тергеудің объективті әрі жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында күдікті уақытша қамауға алынды.

Бұған дейін Ақмола облысында туристік фирманың басшысы алаяқтық жасады деп күдікке ілінген еді.