Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Орал қаласына гастрольдік сапармен келмек
13:34, 05 Сәуір 2010
ОРАЛ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Қарағанды облыстық Халықтар Достығы орденді С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры сәуірдің 20-24-і аралығында Орал қаласында гастрольдік сапармен болмақ.
Театрдың бас әкімгері Ардақ Қабдірахманованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, сексен жылға жуық тарихы бар, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков басшылық ететін театр Оралда М.Әуезовтің «Айман-Шолпанын» (режиссері Е.Обаев), М.Хасеновтің «Hi-Fi махаббат» комедиясын (қойған Ә.Оразбеков), Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашын» (С.Қажымұратов), С.Балғабаевтың «Ғашықтар болмайтын ғасырын» (Р.Баймағамбетов), С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдерін» (С.Жұмағали) көрермендер назарына ұсынбақшы. Сондай-ақ балалар үшін «Қожа мен спорт» ертегісі (авторы О.Әубәкіров, режиссері А.Қырықбаев) қойылады.
Қарағандылық театр сондай-ақ Атырау, Ақтөбе қалаларында да гастрольдік сапармен болмақшы.