Қарағанды облысында Балқаш көлінде жоғалып кеткен екі балықшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр
Ведомствоның ақпараты бойынша, 18 және 20 жастағы екі жігіт өткен жұма, қыркүйектің 3-і күні кешке Тасарал ауылдық округінің Ақтөбе-Қарағаш ауданында (Балқаш қаласынан 90-100 шақырым) қайыққа мініп Балқаш көліне шыққан. Келесі күні таңертең туыс-туғандары олардың жоғалып кеткендігі туралы хабар береді.
«Қыркүйектің 4-і күні сағат сегізден бастап сегіз қайыққа мінген жергілікті халық іздеу жұмыстарын бастаған. Сағат 8.20-да 53898 әскери бөлімінің оқу ұшағы көлдің үстінен іздеу жұмыстарын жүргізіп шықты. Сонымен қатар, Қарағанды облысы ТЖД су-құтқару қызметі Балқаш қаласы су-құтқару қызметінің «Орион» құтқару қайығы да жоғалған адамдарды іздеуге шыққан. Қыркүйектің 5-і күні іздеу жұмыстарына «ҚазӘуеқұтқару» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тікұшағы жұмылдырылды. Балқаш жағалауындағы жалпы аумағы 700 шақырым жерге іздеу жұмыстары жүргізілді», - делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің таратқан ақпаратында.
Іздеу жұмыстары әзірге нәтижесіз болып отыр. Қатты жел мен толқын да іздеу жұмыстарына кедергісін келтіруде, деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.