Қарағанды облысында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша нысандардың жартысынан астамындағы жұмыстар аяқталды
10:08, 08 Қыркүйек 2010
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында биылғы жылғы «Жол картасы» бағдарламасына енгізілген 528 нысанның 316-сындағы жұмыстар қазіргі таңда аяқталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметтің ақпараты бойынша, қалған нысандардағы жұмыстар кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Сейсенбі, қыркүйектің 7-сі күні облыс орталығына жасаған кезекті жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Серік Ахметов «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тексерді. Облыс әкімі екі денсаулық сақтау мекемесінде болды.
«Жалпы алғанда нысандардағы жұмыстарды жақсы бағалауға болады. Биылғы жылы «Жол картасы» бағдарламасына 13 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл көп ақша, олардың игерілуі мен жұмыс барысы қатаң бақылауда», - деді С.Ахметов жұмыс сапарының соңында журналистерге.