Қарағанды полициясы ат құлағындағы чиптің көмегімен барымташыларды ұстады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды полицейлері жылқы құлағындағы биркаға бекітілген электронды чиптің көмегімен барымташылар тобын әшкереледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мал ұрлаушылар Сортировка ауылы «Ромашка» саяжай қоғамының маңындағы орманда күн сайын жайылатын бір үйір жылқыны бақылауға алған. Малшының көзін ала бере екі қылмыскер өз аттарымен келіп, бір үйір жылқыны айдап әкеткен. Үйірде 31 жылқы болған. Келтірілген шығын 4 миллион 30 мың теңгені құрап отыр.

«Үшінші қаскөй сыбайластарынан қоңырау күтіп отырған және ұрланған жылқыларды жасыратын орын дайындаған», - деп хабарлады Қарағанды №2 Октябрь аудандық сотының баспасөз қызметі.

 

Малды шаруа қожалығының ауласына жасырған. Жылқылардың бір бөлігі союға жіберіліпті. Ал қалған бөлігі жедел әрекет еткен полицейлердің көмегімен аман қалды.

«Үйірде бір жылқының құлағына электронды чип бекітілген, сол арқылы полицейлер ұрланған малдың қозғалысын, орналасқан жерін анықтады. Істі тергеу барысында жылқылардың қалған бөлігі зардап шегушіге қайтарылды. Ұрылар жылқылардың иесіне материалдық өтемақы төледі. Сол себепті, зардап шегуші сотталушыларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Судья Галина Жилина үш сотталушының әрқайсысына шартты түрде 2 жыл және 7 айға үкім кесті.