Қарағандыда Жеңістің 65 жылдығына арналған марафон жолға шықты
Марафоншылардың құрамына салауатты өмір салтын белсенді насихаттап жүрген 15 спортшы кіріп отыр, олардың негізін - 13 адам - қарағандылықтар құрады. Марафоншылардың қатарында Павел Сиротин, Зейнолла Сейітов, Төлеутай Смайылов, Любовь Асанова сияқты танымал спортшылар бар. Жүгірушілердің қатарында бір Қытай азаматы - Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оралман-студенті бар, Қуанбек Насролла тарихи отанына осыдан төрт жыл бұрын оралған. Командаға сондай-ақ, Украина азаматшасы, танымал марафоншы Оксана Прокапчук та кіріп отыр.
Марафоншыларды жолға шығарып салу салтанаты Нұркен Әбдіров атындағы ескерткіштің жанынан басталды. Оларға Ұлы Отан соғысының ардагерлері ақ жол тіледі.
«17 күнде біз 3070 шақырым жерді жүгіріп өтуіміз керек. Марафон Қарағанды, Астана, Атбасар, Есіл, Аманқарағай, Қостанай, Троицк, Челябі, Уфа, Верхнееркево, Набережные Челны, Қазан, Чебоксары, Нижний Новгород, Владимир қалалары арқылы өтеді. Сәуірдің 17-сінде біз Мәскеуде, Г.Жуковтың ескерткіші алдындағы Манеж алаңында марафонды аяқтауды жоспарлап отырмыз», дейді марафоншылардың командирі, «Феденикс-Спартак» әуесқой желаяқтар клубының төрағасы Олег Селезнев.
Қазақстандық марафоншылармен қатар, Мәскеуге Украина мен Беларусь елдерінен де командалар жетеді, олар жолға кешірек, сәуірдің 9-12-сі күндері шығады. Мәскеуде «Спартак» халықаралық спорт қоғамының 75 жылдығы тойланады.