Қарағандыда жұмыссыздар су айдынында адамдардың суға батып кетпеуін қадағалайды

Фото: gov.kz
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев су айдындарын патрульдеу және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмысына жұмыссыздарды тартуға шақырды. Қарағанды облысының әкімі коммуналдық жағажайларды жайластыру жұмыстарын да сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жазда су айдындарындағы профилактикалық жұмысты бәсеңдетуге болмайды. Адамдар демалғысы келеді. Бірақ сіздер оларға қай жерлер қауіпті екенін жеткізулеріңіз керек. Шомылуға тыйым салу белгілері бізге көмектеспейді. Жұмыспен қамту орталықтарымен ақылдасып, жұмыссыздарды ТЖД құтқарушыларымен және полициямен бірге профилактикалық жұмыс жүргізуге тарту қажет», – деді Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігінде өткен жұмыс кеңесінде.

Қарағанды облысында шомылу маусымы басталғаннан бері төрт адам, оның ішінде бір бала қаза тапты.

«Бұл қайғылы оқиғалар Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандарында және Қарағандының Федоров су қоймасында болды – бәрі шомылуға арналмаған жерде батып кеткен. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 50%-ға төмендегенімен арқаны кеңге салуға болмайды. Қазіргі уақытта облыста шомылуға тыйым салынған 240 орын бар, олар ескерту белгілерімен жабдықталған. Бұл су айдындарында патрульдеуді күшейту қажет», – дейді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Бүгінгі таңда өңірдің су айдындарында 363 тыйым салу және ескерту белгісі орнатылған.

Алайда демалушылар оларды көбіне елемейді.

«Басқаларға сабақ болу үшін құқық бұзушыларға айыппұл салу керек. Адамдар біздің ең алдымен олардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдайтынымызды түсіне бермейді. Сондай-ақ, жағажайда суға батқандарға алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтарын өткізу қажет. Бұл жұмысқа дәрігерлерді, «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің еріктілерін тартқан жөн. Сонымен қатар, коммуналдық жағажайларды жайластыру жұмысын жеделдету керек. Қалқымаларды, құтқару құралдарына арналған орындарды орнату қиын емес. 10 күн ішінде нәтижені күтемін», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.