Қарағандылық аяқдопшылар Молдованың «ЦСКА-Рапид» командасын 3:1 есебімен ұтты

None
АЛМАТЫ. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Түркияның Сиде қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қарағандының «Шахтер» футбол командасы кеше, 8 қаңтарда Молдованың Кишинев қаласының «ЦСКа-Рапид» командасын 3:1 есебімен ұтты.


Бұл, Виктор Кумыков жаттықтыратын қарағандылықтардың жаңа маусымға әзірлік кезіндегі алғашқы жолдастық кездесуі. Өткен маусымның Қазақстан премьер-лигасында тұңғыш рет ел чемпионы атанған қарағандылықтар, аталмыш ойынның 25-інші минутында бірінші болып есеп ашты. Қорғаушы Игорь Пикалкиннің ашқан есебін 1-інші таймының аяғында шабуылшы Серік Досманбетов 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда команда капитаны Андрей Финонченко (65-минутта) есепті одан ары ұлғайтты. 17-турдан кейін Молдова жоғарғы лигасында 11-орында келе жатқан кишиневтіктер 68-минутта ғана отандық футболшыларға 1 доппен жауап бере алды. Енді, 15 қаңтарда «Шахтер» 2-інші жолдастық кездесуін Нижний Новгородтың «Волга» командасымен өткізеді. Олар Ресей премьер-лигасында 16 команданың арасында 12-орында тұр.