Қаратөбе ауданында тәуелсіздік жылдарында жарқын істер жүзеге асып келеді - БҚО

None
ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қаратөбе ауданында тәуелсіздік жылдарында жарқын істер жүзеге асып келеді.

Бұл туралы аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов мәлім етті.

Оның айтуынша, аудан халқының көптен күткен арман-тілегінің орындалуы аймаққа көгілдір отынның келуімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда Қаратөбе ауданы орталығы мен Шөптікөл ауылдық округінің халқы табиғи газдың қызығын көріп отыр. Ендігі кезекте Үшағаш, Соналы, Қалдығайты елді мекендеріне газ желісін тарту шешімін тауып, жұмысын бастағалы отыр.

Қаратөбеліктер үшін маңызды мәселенің біріне айналып отырған жол мәселесі, соның ішінде «Жымпиты-Қаратөбе» тас жолын күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 596 млн қаражат бөлінді. Биыл бұл мәселе жалғасын табады деген үміт бар.

Аудан бойынша тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде 7 жаңа мектеп, саз мектебі, прокуратура, малдәрігерлік зертхана ғимараттары бой көтерді. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында 16 шағын орталық ашылып, жұмыс жасап жатса, алдағы уақытта аудан орталығынан 1 балабақша ашылмақ.  Үшағаш ауылында 2012 жылы пайдаланылуға берілмек жаңа мектептің іргетасы қаланды.

Денсаулық саласының қызметкерлері аудан тұрғындарының денсаулығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, түрлі аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы түрде жұмыстанып келеді. Тәуелсіздік жылдары 1 аудандық аурухана, 7 медициналық пункт жаңадан салынды.

Аудан үш жүзге ән оздырған әйгілі әнші, сазгер Мұхит Мераліұлының,  халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың, Ескендір Хасанғалиевтің туған елі болғандықтан, мәдени сала Қаратөбенің шынайы келбеті болып табылады. Тәуелсіздік жылдары ішінде аудандық тарихи-өлкетану мұражайы салынса, орталық мәдениет үйі, орталық кітапхана және аудан округтеріндегі ауылдық мәдениет үйлерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, аудан халқының мәдени тыныс-тіршілігі дамудың жаңа сатысына көтерілді. Халықтық атаққа ие «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблі, «Керім-ай», «Жұлдыз-ай» халықтық би ұжымдары мен халықтық театр табыстарына  ел-жұрттың ықыласы зор.

Өткен жыл ішінде дарынды дала бұлбұлы Мұхит бабамыздың 170 жылдық мерейтойының республикалық деңгейде аталып өтілуі, әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиев атындағы республикалық «Атамекен» ән фестивалінің дәстүрге айналуы қаратөбеліктердің әркез мерейін өсіреді.

Қазіргі таңда басты проблема болып отырған баспана мәселесі ауданда оң шешімін тапқан. Соның бір айғағы аудан орталығынан 21 үй салынып, 24 отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі - аудан тұрғындарының тұрақтануының бірден-бір кепілі.

Заман ағымына орай шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жасалынған жұмыстар - игілікті істің бір парасы. Бүгінгі күнге жергілікті кәсіпкерлер пластикалық терезе жасайтын, техника жөндейтін шағын цехтар және тойханалар, дәмханалар ашу деңгейіне дейін жетті.

«Бірлігі жарасқан Қаратөбе өңірінде 2012 жылы да ауқымды істер жоспарланып отырғаны белгілі. Осы мақсатта аудан халқы ел болашағы үшін аянбай қызмет етеді деп сенемін», деді ардагер.