Карина Мамаш: Бұл – кек алу емес, әділдік
АСТАНА. KAZINFORM – Күйеуінен жылдар бойы азап көріп, таяқ жеп келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың бұрынғы әйелі Карина Мамаш сот үкімінен кейін БАҚ өкілдеріне түсінік берді.
- Маған қазір қиын, ол соңына дейін кінәсін мойындамады, үнемі манипуляция жасап, жылдар бойы қысым көрсетіп келді. Бұл – кек алу емес, әділдік. Ол бәрін сезіп отыр деп үміттенемін, санасына жетеді деп сенемін. Мен оған ескерткенде, ол маған күлетін, - деп Карина Мамаш бұрынғы күйеуіне үкім шыққаннан кейінгі әсерін жеткізді.
Сондай-ақ ол барлық қазақстандыққа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
- Барлық бұқаралық ақпарат құралына рақмет. Мен бәрін көріп, оқып отырмын. Басымнан өткен жайтты сөзбен жеткізу қиын. Мен әлі көп нәрсені жарияламадым. Ешқашан зорлық-зомбылыққа төзбеңіздер. Егер сізді шынымен жақсы көрсе, онда ұрмайды. Қауіптен қашыңыз, көмекке шақырыңыз. Әділдік түбі орнайды, - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, экс-дипломат Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды.
Сондай-ақ Сәкен Мамаш дипломат дәрежесінен айырылды.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.
Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды.
Ал елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды.
Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді.
Ал 10 маусымда Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды.
Айта кетейік, экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы жабық өтті.