Қармақшы ауданында биылғы жыл «Тұрмағамбет Ізтілеуов жылы» болып жарияланды - Қызылорда облысы
Осыған орай аудан әкімдігі жергілікті мәслихаттың мақұлдауымен 2012 жылды аудандағы «Тұрмағамбет жылы» деп жариялады.
Шығыстың жеті жұлдызының бірі - Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнама» дастанын қазақша сөйлеткен шайырдың осы мерейтойының іс-шаралар тізбесі бекітілді. Жоспарға сай жыл ішінде ғылыми-теориялық конференция, ақындар айтысы және мүшәйра ұйымдастырылады, «Шаһнама» кітабы бойынша аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық театр күшімен сахналандырылған қойылым әзірленіп, түрлі деңгейдегі рухани және спорттық байқаулар өткізіледі.
- Тұрмағамбет ауылындағы сексенінші жылдары салынған ақын ескерткіші тозып тұрғандықтан, қайта жаңғыртуға 21 млн. теңгені құрайтын жөндеу жұмыстарын жүргізу жобаланды, - деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев. - Аудан орталығына кіреберістегі 8,5 гектарлық алқапқа дендробақ орналастырылып, ақынның домбырасы мен қауырсын қалам бейнесіндегі кітап парақтарына шайырдың нақылдары ойып жазылатын болады.
Аудан басшысының айтуынша, былтыр қомақты қаржымен «Жыраулар үйінің» ауласы мен сыртқы бейнесі қайта жаңғыртылыпты. Ендігі кезекте ішкі бөлмелеріне жөндеу жүргізіліп, орындықтары жаңартылуы қажет. Сахналық киімдер үшін 48 млн. теңге қаралмақшы.
Жыл аясында сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің сыртқы беттері мен ішкі бөліктерін жаңалап, қарсыдағы бос жерге мұражай-кітапхана салу ойластырылуда.