Кәсіпкерлердің цифрлық сауатын арттыратын оқыту бағдарламалары әзірленді - Дәурен Абаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар-24» телеарнасында «Digital Kazakhstan» бағдарламасы көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев электронды коммерцияға арналған бүгінгі Үкімет отырысында мәлім етті.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы елдегі интернет-сауданы дамытудағы кедергілерді жоюға бағытталған шараларды іске асырады, бәсекеге қабілеттілікті ұлғайтады.  Ұсынылған шаралар электрондық сауда-саттықты реттеуге, электрондық төлемдерді қабылдауға, халық пен кәсіпкерлердің цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға мүмкіндік береді», - деді Д.Абаев.

Оның айтуынша, министрлік 2018-2020 жылдарға арналған электрондық сауданы дамыту жөніндегі Жол картасы мақсаттарын жүзеге асыру аясында жұмыс істеп жатыр.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында министрлік «Зерде» холдингімен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, «Ұлттық ақпараттық технологиялармен», «Қазпочта» Акционерлік Қоғамы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып оқыту бағдарламаларын әзірледі. Одан бөлек, «Бастау Бизнес» жобасы аясында да шағын және орта бизнес өкілдерін оқыту процесі жүргізіледі. Оқыту бағдарламасы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына да жіберілді.

Министрдің хабарлауынша, электрондық сауданы ақпараттық қолдау мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынды.  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және оның жекелеген бағыттары туралы отандық телеарналарда 18 телехабар көрсетіледі. Ал баспасөз беттерінде «Цифрлық Қазақстан», «Ақпараттық кеңістік», «Хайтек», «Digital» және өзге де арнайы айдарлар арқылы мақалалар жарияланып тұрады.

«2018 жылдың 1 наурызынан бастап «Хабар 24» телеарнасында «Цифровой Казахстан - Цифрлық Қазақстан» телебағдарламасы аптасына 3 рет эфирге шығады. Бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде таратылады. Сондай-ақ, «Digital Kazakhstan» телебағдарламасын аптасына 1 рет көрермен назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз», - деді министр.