Қатерлі ісікке ұшыраған балаларды аман алып қалу көрсеткіші 74% жақсарған

АЛМАТЫ. Қазақпарат - Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына 90 жыл толды. Осыған орай «Қазақстан педиатриясы: өткені мен бүгіні және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан және Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Германия, Украина, Чехия елдерінің педиатрлары мен балалар хирургтары, ғылыми институттардың жетекші мамандары мен басшылары, сондай-ақ медициналық ЖОО профессорлары қатысты.

Офлайн және онлайн форматында өкен конференцияда 4 мыңнан астам балалар дәрігерлері өзара тәжірибе алмасты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник өзінің құттықтау сөзінде денсаулық сақтау министрлігінің балаларға медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды бастамаларын атап өтіп, Педиатрия орталығын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Тұқым қуалайтын аурулар мен туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мақсатында елде жүкті әйелдер мен балаларға скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Жыл сайын 400 мыңнан астам жүкті әйел және 1,6 миллионнан астам бала скринингпен қамтылды. 18 құрсақтағы нәрестені қорғау орталығы құрылып, 1,5 мыңнан астам балану дамыту кабинеті ашылды. Қазақстанда туа біткен ауытқуды хирургиялық түзетудің инновациялық шағын инвазивті әдістері сәтті қолданылып келеді. Жыл сайын туа біткен ақауы бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңнан астам ота жасалады. Бүгінгі таңда балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиологиясы табысты дамып келеді. Жыл сайын Қазақстан Республикасында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға 3 және 4 күрделілік деңгейі бар 2,5 мыңнан астам хирургиялық ота жасалады. Полихимиотерапияның, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудың, интравитреальді химиотерапияның, ағзаны сақтайтын хирургиялық араласудың заманауи бағдарламаларын енгізу Қазақстанда қатерлі ісігі бар балалардың жалпы өмір сүру деңгейін 74,6% дейін арттыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.

Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов балаларға сапалы медициналық көмек көрсетудің маңызына тоқталды.

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 90 жылдық мерейтойы Балалар жылымен тұспа-тұс келуі қуантады. Осы жылдар ішінде орталық соңғы медициналық технологияларды меңгеріп, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың заманауи әдістерін енгізді, болашағынан үміт күтетін мықты жас мамандарды тәрбиеледі. Кәсіпке деген адалдығыңыз бен мейіріміңізге, дүниедегі ең үлкен құндылық – адам денсаулығы мен бала өмірін сақтауға қосып жатқан жатқан сүбелі үлестеріңізге алғыс айтқым келеді. Осындай бай тәжірибе, клиникада кеңінен қолданылатын заманауи медициналық технологиялар, әрине, ұжымның жоғары кәсібилігі - орталықтың табысты, жемісті жұмысының кепілі», - деп атап өтті ректор.

Салтанатты шарада Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының өткені мен бүгіні, жетістігі мен дамуы және орталықтың отандық педиатрия қызметінің дамуына қосқан үлесі сөз болып, денсаулық сақтау саласына өлшеусіз үлес қосқан орталықтың бірқатар қызметкерлері марапатталды.

Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының негізі 1932 жылы 28 қарашада Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланды.

Бүгінде орталық білікті де тәжірибелі мамандары, қуатты материалдық базасы бар, жаңа заман талаптарына сай медициналық технологияларды қолданатын жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекемеге айналып отыр.

Педиатрия орталығында 700-ден астам қызметкер балалар саулығы жолында аянбай қызмет етуде.

Клиникада жылына жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірінен 6000-нан астам бала ем алады.