Қазақ футболының жаңа дәуірі басталар күн алыс емес

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Сан мыңдаған көрерменді үлкен стадиондарға жинап, миллиондаған жанкүйерлерді көгілдір телеэкранға телмірткен футбол бұл күндері спорттағы бекзат ойындарының қатарынан нық орын алып отыр.

Желтоқсан айының 10 күні БҰҰ-ның шешімімен атап өтілетін бұл спорт түрінің шығу тарихына қатысты деректердің өзі де қызық. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған футбол ойыны туралы алғашқы ескертпені тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінен тапқан. Ол Цу Чю деп аталған, «аяқпен итеру» деген мағынаны білдіреді. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Футболды біздің заманымызға дейінгі екі жарым мыңжылдықта Ежелгі Грекияда, Римде де ойнаған. Грекияда бұл ойын жауынгерлік қимылдардың барлық мүмкіншілігін пайдалана отырып ойналып, «доп үшін шайқас» деп аталған.

Міне осындай қызықты тарихы бар, дегенмен елімізде кенжелеп келе жатқан футбол ойынының да біздер үшін айы оңынан туар күн де алыс сияқты. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда осы спорт түрінің ақсап тұрғаны шындық. Есте болса, әлемдегі танымал спорт түрі футболдың елімізде дамуына ерекше көңіл аударып келе жатқан Мемлекет басшысы 2007 жылы Бразилияға барған сапарында Бразилия Президентімен футбол ісін дамытудағы ынтымақтастыққа қол жеткізген еді. Осыған орай 2009 жылдың көктемінде футбол өнерінің қыр-сырын меңгеруге буыны қатая қоймаған 26 жасөспірім іріктеп алынып, осы спорт түрінің отаны саналатын Бразилия елінің «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына тәлім алуға жіберілген-ді. Осылайша, мемлекет 1 жасөпірімді аяқдоп өнеріне баулуға жылына 20 мың АҚШ долларын бөлген болатын.

«Оле Бразил Клаб» академиясында білім алған аз уақыттың ішінде қазақстандық футболшылар аталмыш елде өткен турнирлердің бірінде жеңіске қол жеткізіп те үлгерді. Жалпы үш жылдың ішінде 26 қазақстандық бала сегіз чемпионат және жеті халықаралық жарысқа қатысты. 166 ойын жүргізіп, олардың 122-сінде жеңіске жетті. Оқуларын тәмамдап елге оралға балғын футболшылардың 15-і Қазақстан чемпионатының бірінші лига командалары арасында ойнайтын «Астана-64» футбол клубымен келісім-шарттарға қол қойды. Ерекше атап өтерлігі, «Оле Бразил-Қазақстан» түлектерінің бірі - талдықорғандық футболшы Рауан Сәриев 15 миллиондық жанкүйері бар «Атлетико Минейро» (Белу-Оризонти қаласы) клубы скауттерінің назарына түсті. Жақында біздің отандасымыз танымал бразилиялық клубпен әуесқой келісім-шартқа қолын қойды, ал қаңтар айында өтетін Бразилиядағы ірі халықаралық жарыстан кейін футбол клубының басшылығы оның кәсіби келісім-шартын қарастырмақ. Қазіргі уақытта бұл жобаның өз жалғасын табатындығы да белгілі әрі Бразилияға аттанатын жасөспірімдердің келесі толқынының тізімін еліміздің Спорт және туризм министрлігі түзіп те қойған.

Айтпақшы, ағымдағы жылдың шілдесінде Латын Америкасының бірқатар еліне жасаған сапарлаған ҚР СІМ жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Бразилия сыртқы байланыс министрінің орынбасары Хадил да Роча Вианнамен келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу барысында екі елдің спорт саласындағы ынтымақтастығының оң қарқын алып келе жатқандығын атап өткен Хадил да Роча Вианна Бразилия бұған дейін қолға алынған қазақстандық жас футболшыларды оқыту тәжірибесін кеңейтуге дайын екендігін қуаттаған болатын. Демек, футболдың отаны саналатын Бразилиядан тәлім-тәрбие алған өрендермен толыққан қазақ теңбіл добын ойнаушылардың әлеуеті артып, әлемдік додаларда топ жарар күн алыс емес сияқты.

Осы спорт саласында қатысты тағы бір жағымды жаңалық бар. Таяуда «PRO» лицензиясын алған 11 қазақстандық футбол жаттықтырушысының есімі белгілі болды. Енді олар өздерінің жаттықтырушылық біліктеріне сәйкес тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Еуропаның да кез-келген кәсіби клубына бас жаттықтырушы бола алады. Сонымен жаттықтырушылық лицензияға Талғат Байсуфинов, Қайрат Айманов, Нүркен Мазбаев, Григорий Бабаян, Владимир Никитенко, Сергей Когай, Владимир Чебурин, Вячеслав Ледовских, Сергей Волгин, Виктор Семенов және Павел Родненок ие болып отыр. УЕФА аталған мамандардың футбол теориясы мен практикасын ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманғы маманға қажетті психологияны, социологияны, қоғаммен байланысты жетік меңгергендігіне зор баға берді.

Міне, осылайша шетелден тәлім-тәрбие алған спортшыларымыздың, тіпті қарт құрлықтың азулы командаларын дайындауға да зор әлеуеті бар жаттықтырушылармыздың арқасында қазақ футболы алдағы уақытта өрлеу жолына түседі деп айтуға толық негіз бар сияқты.