«ҚазАқпарат» ХАА-ның Бас директоры Қытайдағы ең жоғарғы лауазымды басшының бірімен кездесті (ФОТО)

None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бойындағы БАҚ ынтымақтастығы форумында масс-медиа басшыларының қатарында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігінің Бас директоры Дәурен Дияров Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) Орталық комитетінің (ОК) Саяси бюросы (СБ) Тұрақты комитетінің (ТК) мүшесі Лю Юньшаньмен кездесті.

«Дағдарыс уақытында ерекше шешімдер қажет. Соның бірі - ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жасаған сапары екі елдің амал-әрекеттері ұқсас екенін көрсетті. Қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» тәжірибелік тұрғыда біріктіру туралы шешім қабылданды», - деді Д.Дияров кездесуде. «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдердің БАҚ ынтымақтастығы форумына қатысқан шетелдік масс-медиа (индонезиялық «Антара», испаниялық «EFE», ресейлік «ТАСС», Беларусьтің «БелТА»-сы, Қырғызстанның «Қабары», сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Аргентина, Мексика және тағы басқа елдер) өкілдерімен пікір алмасудан кейін Лю Юньшань Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бойында орналасқан елдерге өз тілегін міндеттеп отырмағанын атап өтті. Еске сала кетейік, Лю Юньшань - ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің (ТК) төрағасы Чжан Дэцзян, Қытай Ұлттық саяси консультативті кеңесі бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Юй Чжэншэн , ҚКП ОК Орталық комиссиясының хатшысы Ван Цишань және ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Чжан Гаоли сияқты Қытайдың жоғары партиялық органы - ҚКП ОК СБ ТК-нің (7 партиялық функционерден тұрады) мүшесі. Форумды Қытай компартиясының «Жэньминь жибао» медиақұрылымы ұйымдастырды. Шараға 59 елден 155 медиақұрылым, БҰҰ Тілшілер қауымдастығы өкілдері, ҚХР коммерция вице-министрі, Хэнань провинциясы, Шэньси, Ганьсу, Ланьчжоу қ, Циндао қ., Шаньдун провинциясы партия комитеттерінің хатшылары, Цзянсу, Гуандун провинциялары мен Қытайдың басқа өңірлері атқарушы органдарының, қытай банктері, корпорациялар мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумның ашылуында құрметті шетел қонақтары алғашқыларының бірі болып, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Дәурен Дияров сөз сөйлеген болатын.