Қазақстан бүкіл әлемдегі озат және дамыған мемлекеттердің бірі - Иорданияның экс-премьері Абду Салям Әл-Маджали

None
АСТАНА-АММАН. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Иорданиялық қоғамдық халықаралық істер кеңесі ұйымының шақыруымен Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Болат Сәрсенбаев Кеңес мүшелерінің және басқосуға шақырылған қонақтардың алдында «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты: ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» атты тақырыпта баяндама жасады.

Аталған Кеңестің Төрағасы, Иордания Хашимит Корольдігінің бұрынғы Премьер-министрі Абду Салям Әл-Маджалидің пікірінше, Қазақстан бүгінде әлемнің аса қарқынды дамушы алдыңғы қатарлы елдерінің бірі болып саналады. Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Қазақстан ұлан-ғайыр жетістіктерге қол жеткізді, ал оның Президенті Н. Назарбаев халықаралық қоғамдастыққа үлгі боларлықтай жаңа сипатты толеранттық қоғам және дамыған мемлекет құра алды.

Иордания қоғамының көрнекті өкілдері, бұрынғы Үкімет мүшелері, министрлер, Парламент депутаттары, елшілер, отставкадағы жоғары шенді тұлғалар, іскерлер тобы қатысқан жиында Елші төл дипломатиямыздың қалыптасу тарихы, еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатының басты бағыттары мен мақсаттары, негізгі стратегиялық басымдылықтары, жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы, ЕҚЫҰ, ШОС, ИЫҰ ұйымдарындағы төрағалықтары, интеграциялық бастамалары, әлемдік дәрежедегі Қазақстанның маңызды сыртқы саяси бастамалары, Азиядағы өзара ықпалдасу және сенім іс-шаралары кеңесі, Ресей, Қазақстан Беларусия аралығындағы Кедендік одақ және Еуразиялық одақ интеграция, этноконфессионалдық моделі, үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы тәрізді басты жетістіктері мен болашағы туралы баяндады.

Кездесуге қатысушылар Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, еліміздің әлемдегі 4-ші ядролық қару қорларынан өз еркімен бас тартуы, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, алдағы 15 қаңтарда өтетін парламенттік сайлау, Қазақстан-Иордания қарым-қатынастарының өзекті салалары туралы мәліметтерді қызығушылықпен қарсы алып, одан әрі кездесу сұрақ-жауап сипатында пікір алысуларға жалғасты. Қатысушылар еліміздің жиырма жыл ішіндегі жемісті даму жолына, мұсылман қоғамдастығындағы ерекше орнына үлкен баға бере отырып, қазақстан-иордан байланыстарын жан-жақты бағыттарда дамыту тілектерін білдірді.