Қазақстан елшісі Әзірбайжанның ішкі істер министрімен кездесті

None
БАКУ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Қазақстанның Бакудегі Төтенше және Өкілетті елшісі Серік Пірімбетов бүгін Әзірбайжанның ішкі істер министрі Рамиль Усубовпен кездесті.

Кездесу барысында министр өзі басқаратын ведомствоның қылмыспен күресу және елде тәртіп орнату саласындағы жетістіктері, Әзірбайжан Ішкі істер министрлігінің құрылымы мен халықаралық байланыстары туралы қысқаша әңгімелеп берді.

Р.Усубов, Әзірбайжан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан жылдары елде құқық қорғаушы органдарға қатысты бірқатар заңнамалық актілер қабылданғанын айтып өтті. Бірақ та, министрдің айтуынша, қабылданған заңдар бойынша жұмыс істеу сол кезде елде қалыптасқан жағдайға байланысты, бастапқыда қиындау болды. Ал қазір Әзірбайжанда 100 мың адам басына шаққанда 200-ге жуық қылмыстан келеді, басқа елдермен салыстырғанда, бұл жақсы көрсеткіш, деп атап көрсетті министр өз сөзінде.

Р.Усубов сонымен қатар, елдегі қазіргі проблемалар жайлы хабардар етті. Атап айтқанда, ол нашақорлықтың және онымен байланысты есірткі сақтау, тасымалдау және сату сияқты қылмыстардың күрт өсіп отырғанын айтты.

С.Пірімбетов өз кезегінде, Қазақстандағы экономикалық ахуал, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы мен қолда бар әлеуеттер туралы баян етті. Қазақстандық дипломат Әзірбайжан министріне сондай-ақ, құқық қорғау қызметінің және сот жүйесінің тиімділігін арттыру аясында Қазақстанда атқарылып жатқан шаралар мен Президент Н.Назарбаевтың 2010 жылы тамыздың 18-інде қол қойған Жарлығы туралы әңгімелер берді.

С.Пірімбетов сондай-ақ, Қазақстанда жоспарланып отырған ЕҚЫҰ Саммиті және 2011 жылғы Азиада ойындары сияқты маңызды халықаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданып жатқан шаралар туралы да хабарлады.

Сөз соңында Әзірбайжан министрі екі елдің ішкі істер министрліктері арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа айрықша тоқталды және Әзірбайжан ведомствосының тұрақты диалогқа әрқашан ашық және қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін жеткізді.