Қазақстан халық банкінің еншілес компаниялары біріктірілді

None
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - «Halyk Capital» АҚ-ы  «Halyk Finance» АҚ-на қосылу арқылы қайта ұйымдастырылатын болды.

Бүгін бұл туралы  еншілес компаниялардың жалғыз акционері «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлама таратты.

  «Halyk Capital» АҚ компаниясы 2006 жылдың қарашасында Алматы қаласындағы өңірлік қаржылық орталығының (АӨҚО) мүшесі ретінде құрылған болатын. Компания құрылатын сәтте Қазақстан Республикасы заңнамасының талабына сәйкес бағалы қағаздар нарығының кәсіпқой қатысушылары ғана АӨҚО мүшесі бола алады деп белгіленген болатын. Ал оларды заңды тұлға ретінде тіркеуді Қазақстан Республикасының  АӨҚО қызметін реттеу жөніндегі агенттігі жүргізген. Енді          Қазақстан Қор биржасының (KASE) сауда алаңдары мен АӨҚО арнайы сауда алаңының біріктірілуіне байланысты, сондай-ақ  «Halyk Finance АҚ-ның KASE сауда алаңына қол жеткізу мүмкіндігі бар болғандықтан, еншілес компаниялардың акционері «Halyk Capital» АҚ-н «Halyk Finance» АҚ-на қосу арқылы ерікті негізде қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

 «Halyk Finance» АҚ-ы инвестициялық-банктік қызметтердің толық жиынтығын ұсына алатын Қазақстандағы жетекші инвестициялық мекеме. Оның ішінде қаржылық консалтинг және андеррайтинг, корпоративтік қаржыландыру қызметін көрсетеді. Сондай-ақ брокерлік қызметтер мен Қазақстан қор биржасының сауда алаңында бағалы қағаздармен сауда жасау, маркет-мейкер қызметін, инвестициялық портфельді басқару, ұдайы түрде жүргізілетін талдау  қызметін  ұсынады. «Global Finance» халықаралық  қаржылық басылымы  «Halyk Finance» АҚ-ы еншілес ұйымын 2011 жылы Қазақстандағы үздік  инвестициялық  банк ретінде таныды.   Қазақстан қор биржасы  оны  2010 жылдың нәтижесі бойынша «Жетекші қаржылық кеңесші» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапаттады.