Қазақстан халықаралық стандарттарға сай сайлау өткізуге мүдделі - Сенат Төрағасы

None
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан халықаралық стандарттарға сай сайлау өткізуге мүдделі.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми ҚХР Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чэнь Чжилимен кездесуі барысында осылай мәлімдеді.

Мейманмен жүздесу барысында Сенат спикері еліміздегі сайлауға қатысты әңгіме де өрбіткен болатын. «Бүгінгі күні елімізде 15 қаңтарға белгіленген Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлауға әзірлік аяқталып келеді. Алдағы сайлау көппартиялық Парламентті қалыптастыруға бағытталған және бұл еліміздің демократиялық дамуы жолындағы маңызды қадам болып табылады», - деді Қ. Мәми.

Сонымен қатар, Сенат Төрағасы Қазақстанның елді демократияландыру үдерістерін алға жылжытуға баса назар аударып отырғанын да атап өтті. Спикердің айтуынша, алдағы Мәжіліс сайлауын шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 600-ден астам өкілі байқайтын болады.

«Қазақстан сайлауды халықаралық стандарттарға сай өткізуге мүдделі, сонымен қатар ашық, таза және әділ сайлау үшін барлық жағдайлар жасалуда», - деді Қ.Мәми.