Қазақстан Қырғызстанмен арадағы шекарасын ол елдегі ішкі саяси жағдайдың тұрақталуына қарай ашатын болады - Үкімет басшысы
Бұл туралы бүгін Астанада Грузия Премьер-Министрі Николоз Гилауримен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Иә, шын мәнінде біз кеше кешке Қырғызстанмен арадағы шекараны жабу туралы шешім қабылдадық. Алайда, біз ол шекараны Қырғызстандағы жағдайдың тұрақтануына қарай ашатын боламыз», деді К. Мәсімов.
Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі қырғыз халқына жан-жақты гуманитарлық көмек көрсететін болады. Сонымен қатар К. Мәсімов грузиндік журналистің: «Қырғызстандағы ішкі жағдайды тұрақсыздандыруға қандай да бір сыртқы күштер тартылған жоқ па?» деген сұрағына, бұл жөнінде БАҚ-тарда әртүрлі ақпараттардың көп екендігін айта келе: «Бізде ондай дерек жоқ», деп жауап берді.