Қазақстан мен Қырғыз арасында Одақтастық туралы шартқа өзгерістер енгізілген хаттама қабылданды - Парламент

None
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға екі елдің Мемлекет басшылары Астана қаласында 2008 жылдың сәуірінде қол қойған. Хаттаманы қабылдау бірқатар маңызды себептерге негізделеді. «Шарттың 12-бабында құжаттың ажырамас бөлігі болып табылатын Экономикалық ықпалдастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдау көзделген. Алайда, шарт күшінің мерзімі шектеусіз болса, ал ықпалдастық жоспары бар болғаны 2004-2007 жылдарға арналған болып отыр. Бұл ретте алдағы уақытта осындай жоспарлар мерзімін ұзарту үшін оны қайта-қайта қабылдауға тура келеді. Сонымен қатар, Экономикалық ықпалдастық жөніндегі іс-қимыл жоспарының бұрынғы атауы екіжақты ынтымақтастықтың шын мәніндегі деңгейіне сәйкес емес. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғыз елі арасында тек экономикалық салаларымен шектеліп қалмай, саяси-гуманитарлық салаларды да қамтыған көпжақты ынтымақтастық туралы мәселе қозғап отырмыз. Сондықтан да, хаттамада құжат атауы өзгертіледі», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев.