Қазақстан посткеңестік кеңістікте дәрі айналымын қатаң реттеуші жүйесі бар бірінші ел болады
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында дәрі айналымын қатаң реттеу 2026 жылы күшейтілетінін айтты.
— Елде өндірілетін дәрілік заттардың экспорттық әлеуеті мен сапасын арттыру үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық бенчмаркинг құралы бойынша Ұлттық реттеу жүйесінің жетілуінің 3-ші деңгейіне қол жеткізу қажет. Биыл жүргізілген бағалауға сәйкес ДДҰ сарапшылары 8 индикатор бойынша жоғары баға берді, — деді министр.
Ақмарал Әлназарова бұл Қазақстанға не беретінін айтты.
— 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жетілудің 3 деңгейін мойындауды растау жоспарланып отыр. Қазақстан посткеңестік кеңістікте қатаң реттеуші жүйесі бар бірінші ел болады, — деді ведомство басшысы.
Бұған дейін министрлік соңғы 5 жылда елімізден 2,5 мың дәрігер шетелге жұмыс істеуге кеткенін хабарлаған еді.