Қазақстан Президенті түркі әлемінің болашағын жоспарлауға бағытталған жүйелі стратегия ұсынды – Хүсейін Эрман

Фото: belarus-news.by

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде бірқатар іргелі бастамаларды ортаға салды. Оның ішінде Киберқауіпсіздік кеңесін құру, Alem.AI базасында Цифрлық инновациялар орталығын ашу, «жасыл» энергетикалық дәлізді дамыту, су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі ортақ бағдарлама секілді ұсыныстар бар. Оның ықтимал әсері және маңызы туралы түркиялық саясаттанушы, еуразиялық саясат жөніндегі сарапшы Хүсейін Эрманмен әңгіме өрбіткен едік. 

– Хүсейін Эрман, Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматындағы бастаманы қолдады. Бұл ұсыныс ТМҰ-ның халықаралық аренадағы беделін арттыра ала ма

– Иә, «ТМҰ+» форматы қазіргі жаһандық жағдайға толық сәйкес келеді. Бұл бастама – түркі елдерінің ашық және серіктестікке бағытталған ұйым екенін көрсететін қадам. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл идеяны қолдауы бастаманың өзектілігі мен болашағына сенім ұялатады. 

Аталған формат арқылы Түркі мемлекеттері ұйымы тек мүше елдермен ғана емес, Еуразиядағы басқа да маңызды өңірлік ойыншылармен өзара тиімді әріптестік орната алады. Бұл Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және тіпті Шығыс Еуропа елдерімен диалог орнатуға мүмкіндік береді. Яғни, ТМҰ өз ішіне тұйықталған ұйым емес, керісінше, жаһандық күн тәртібіне ықпал ететін ашық алаңға айналуға бет бұрды. 

– Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру туралы Қазақстанның ұсынысы қаншалықты өзекті? Түркия бұл бастамадан қандай пайда көре алады?

– Киберқауіпсіздік – қазіргі заманның ең өткір және шекарасыз қауіп-қатерлерінің бірі. Бұл мәселе енді тек техникалық сала емес, ұлттық қауіпсіздік пен егемендік мәселесіне айналды. Қазақстан ұсынған Кеңес – осы қауіптерге ұжымдық жауап берудің маңызды қадамы.

Түркия бұл салада озық тәжірибеге ие ел. Мемлекеттік те, жекеменшік те секторда киберқауіпсіздікке үлкен мән беріледі. ТМҰ аясында мұндай құрылым құру арқылы түркі мемлекеттері өздерінің цифрлық инфрақұрылымын, стратегиялық нысандарын қорғауда біріге алады. Бұл тек қорғаныс емес, сонымен қатар өзара сенімді нығайту мен технологиялық дербестікті арттыру жолы.

– Президент Тоқаев Alem.AI негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды. Түркия бұл бастамаға қалай атсалыса алады?

– Бұл бастама түркі әлемінің цифрлық болашағына салынған нақты инвестиция деуге болады. Түркияның стартап экожүйесі, технопарктері мен ІТ саласындағы әлеуеті бұл жобамен табысты үндесе алады. 

Қазақстан бұл орталықты жұмыс істеп тұрған платформа – Alem.AI базасында құру арқылы уақыт пен ресурсты үнемдеп, нақты нәтижеге бағытталған қадам жасап отыр. Түркия осы Орталықпен бірлесе отырып, жасанды интеллект, мәліметтермен жұмыс істеу, стартаптарды қолдау бағыттарында тәжірибе бөлісе алады. Бұл екі елдің цифрлық әлеуетін біріктіріп, өңірлік инновациялық өзек қалыптастырады. 

– Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жүзеге асырып жатқан «Жасыл энергетикалық дәліз» жобасының маңызы қандай? Түркия бұл бастамаға қосыла ала ма?

– Аталған жоба өңірлік ынтымақтастықтың жаңа сапалы кезеңге өткенінің белгісі. Ол тек экономикалық емес, геосаяси маңызға да ие. Түркі елдері әлемдік «жасыл күн тәртібінің» тұтынушысы ғана емес, оның белсенді қатысушысына айнала алады.

Түркия баламалы энергетика, атап айтқанда, күн мен жел энергиясы саласында зор тәжірибе жинақтаған ел. Жобаның Каспийден Еуропаға дейін созылатындығын ескерсек, Түркия бұл дәліздің табиғи жалғасына айналуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жобаны өңірлік тұрақтылықтың бір бөлігі ретінде ұсынуы оның ұзақмерзімділігі мен стратегиялық маңызын көрсетеді. 

– Су тапшылығына байланысты Тоқаев ортақ су ресурстарын басқару бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Түркия бұл бағытта қандай үлес қоса алады?

– Су тапшылығы – Орталық Азияда барған сайын өзекті болып келе жатқан күрделі мәселе. Ол ауыл шаруашылығы, демография, экология, тіпті қауіпсіздікке де әсер етуі мүмкін.

GAP секілді ірі ирригациялық жобалар, заманауи тамшылатып суару технологиялары және цифрлық су мониторингі жүйелері – осының айғағы. Сондықтан Қазақстанның ұсынысы ортақ қауіптерге жауап ретінде ортақ тәжірибе мен технологияны біріктіру жолы. Түркия бұл бағытта аймаққа сарапшылық және технологиялық қолдау көрсете алады.

– Келесі бейресми саммитті жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбына арнау туралы Тоқаевтың бастамасына қалай қарайсыз? 

– Бұл уақыт талабына сай әрі алдағы онжылдықтарға арналған бастама. Түркия соңғы жылдары жасанды интеллект саласында жүйелі саясат жүргізіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар, академиялық зерттеулер және ІТ-компаниялардың жобалары цифрлық болашақтың негізін қалауда.

Тоқаевтың ұсынысы технологияларды тұтыну емес, оларды бірлесе жасау жолындағы үндеу. Бұл түркі әлемінің цифрлық бірегейлігін қалыптастырудың алғашқы қадамы. Егер Түркия мен Қазақстан бірлесе отырып осындай саммитті ұйымдастырса, ол өңірлік цифрлық көшбасшылықтың нақты көрінісіне айналар еді. Мұндай қадам түркі мемлекеттерінің технологиялық дербестігін нығайтып, жасанды интеллект саласында да жаһандық ойыншы болуға жол ашады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйлегенін жазған едік.