Қазақстан Президентіне телекөпір арқылы Забайкалдағы ресейлік кеншілер хабарласты

None
nbsp; ӨСКЕМЕН. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Бүгін «Қазмырыш» пен ресейлік «Ново-Широкий руднигі» жұмысшыларының арасында өткен телекөпірдің барысында Ресейдің Забайкал өңірінің кеншілері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлем жолдады.

«Ново-Широкий рудник» ААҚ-ының бас директоры Сергей Якимов Қазақстан Президентіне арнаған сөзінде, өзі басшылық ететін кәсіпорынның 20 жылдай бойы жұмыссыз тұрып келгенін және олардың осы кезеңдегі басты міндеті - өндірістің тоналудан, әркімнің қолында кетуден сақтау болғанын атап көрсетті. «Біздің бағымызға орай, рудникті жандандырудың бірегей жобасын ұсынған «Русдрагмет» және «Қазмырыш» сынды инвесторлар пайда болды. Үш жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде кенішіміз ауқымды қайта құрылымдау шараларын бастан кешірді. Ново-Широкий полиметал кенішінде алтын-қорғасын рудасын өндірумен және өңдеумен айналысатын біздің кәсіпорнымыз бүгінде өндіріс көлемін арттыру бағытында жұмыс істеуде. Өңірдің әлеуметтік және миграцияляқ проблемалары да табысты шешілуде»,- деді С.Якимов Қазақстан Президентіне арнаған сөзінде. Ол сондай-ақ, рудникте Забайкал өлкесінің тұрғындарымен қатар, Қазақстаннан келген мамандар да жұмыс істейтінін атап көрсетті. «Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Аса Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізді біздің өлкеміздегі алғашқы қазақстан-ресей металлургиялық жобасының сәтті жүзеге асырылуымен құттықтағым келеді! Осынау игі шара басқа да көптеген жобаларға бастама болады деп үміттенеміз. Себебі, бірлесе отырып, көп істі атқара аламыз, - деді С.Якимов мырза өз сөзінде.

Мемлекет басшысына сондай-ақ, қазір ресейлік кеніште еңбек етіп жатқан қазақстандық мамандар да сәлем жолдады.

Ал алыс Забайкал өлкесіндегі бірлескен қазақстан-ресей кәсіпорнының жұмысшыларына арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз, мұнда Өскеменде, қазақстан-ресей форумын өткізу үшін жиналып отырмыз және ертең оның қорытындысын шығарамыз. Сіздер мен біз бүгінде Бірыңғай Кеден одағына мүшеміз. Сіздер мен бізде бірлескен кәсіпорындар көп, енді міне Ресейде қазақстандық инвестор да пайда болды. Сіздерге сәттілік, жақсы көңіл-күй тілеймін!», деді.

«Қазмырыш» ЖШС президенті Ник Поповичтің ақпараты бойынша, ресейлік рудникті жаңартуға олар 150 миллион АҚШ долларын салған. Биылғы жылы 360 мың тонна руда өндіріліп, өңделсе, 2011 жылы бұл көрсеткіш 450 мың тоннаға жетіп, Забайкал руднигінің жылдық жоспарланған көрсеткішіне шығады деп күтілуде. Рудникте барлығы 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.