Қазақстанда 6 жасқа дейінгі балаларды полиомиелитке қарсы егу науқаны басталды
13:16, 06 Қыркүйек 2010
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда 6 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы қосымша егу науқаны басталды. Қыркүйектің 10-ына дейін жалғасатын шара полиомиелиттің Тәжікстанда басталып,
Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда таралуына байланысты өткізіліп отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Салауаты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің ұлттық орталығының өкілдері хабарлады.
Науқан күндері 1,8 миллион балаға егу жүргізілмек. Бұған вакцинаның 2,018 миллион данасы сатылып алынған. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 64 миллион теңге бөлінген. Егу жұмыстары үшін 6500 егу пункті ашылып, 4200 арнайы бригада жұмыс істейді. Оның бір мыңы қол жетімділігі қиын таулы аймақтарда жұмыс істейді. Олар 450 балаға егу жұмысын жүргізбек. Тегі Бельгиялық арнайы алынған вакцинаны мамандар барлық талапқа сай деп отыр.