Қазақстанда әйелдер ер адамдарға қарағанда 9,9 жыл ұзақ өмір сүреді

None
АСТАНА. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда әйелдер ер адамдарға қарағанда 9,9 жыл ұзақ өмір сүреді. Бұл туралы бүгін Астанада «Bnews.kz» порталында өткен онлайн конференцияда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Салидат Қайырбекова айтты.

«2009 жылы республикамыздағы халық жасы ұзақтығының күтілген көрсеткіші 68,6 жасты құрады. 2008 жылы бұл цифр 67,1 жас болатын. Яғни, елімізде халық жасының ұзақтығы ұлғайып келе жатыр. Бұл ретте мынаны айтқым келеді: Ер адамдарда өмір жасы ұзақтығының күтілген көрсеткіші 1,7 жасқа, ал әйелдерде 2,1 жасқа ұлғайды. Ер адамдар мен әйел адамдардың өмір жасы арасындағы мұндай айырмашылық табиғи айырмашылықтан 5 жылға асып түседі және бүгінде 9,9 жылды құрайды. Және мұндай жыныстық диспропорция әйелдер арасындағы өлім-жітімге қарағанда, ерлер арасындағы өлім-жітімнің көптігінен қалыптасты», деді С. Қайырбекова.

Оның сөзіне қарағанда, ерлер арасындағы өлім-жітімтің көптігі әлеуметтік себептерге байланысты. Ерлер арасындағы өлім-жітімнің көрсеткішінде өзіне-өзі қол жұмсаудан, зақымданушылықтан, темекі шегуден және алкогольді ішімдіктерді қолданудан болатын өлімдердің, сондай-ақ инсульттардың, инфарктердің, жүйке жүйесінің бұзуылуынан болатын өлімдердің саны басым. С. Қайрыбекова ерлер арасындағы да, әйелдер арасындағы да өлім-жітімді азайту үшін Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 2016 жылы қаңтардың 1-інде халықтың өмір жасының ұзақтығын 70-ке жеткізу жоспарланып отыр», деді ол.