Қазақстанда айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заты алынды

Фото: REUTERS
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қарасора» операциясы барысында 233 есірткі қылмысы әшкереленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім, етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарасораны өсіруге, дайындауға және әкетуге қарсы іс-қимылға, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне жол бермеуге бағытталған «Қарасора» арнайы операциясы жалғасуда. Іс-шараларға ІІМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелері жұмылдырылды. Әуеден барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен апталық брифингте.

Шұғыла Тұрлыбектің дерегінше, «Қарасора» арнайы операциясының бір айында полицейлер 233 қылмысты анықтады.

«Оның ішінде 87-сі сату фактісі, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтаудың 33, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 86 фактісі, 4 есірткі зертханасы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі, оның ішінде 642 келі марихуана, 29 келі гашиш, 4 келі синтетика және шамамен 1 келі героин тәркіленді», - деді министрлік өкілі.