Қазақстанда босқындарды тіркеу ережесі өзгерді

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылғы 20 наурыздағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының бұйрығымен босқын мәртебесін беру туралы өтініштерді тіркеу және қарау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Ереженің бірнеше тармақтары жаңа редакцияда көрсетілген. Осылайша, пана іздеуші сауалнама жүргізгеннен кейін өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде ҚР Ішкі істер органдарының барлық жазбаларымен, сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесінің хаттамаларымен сәйкес тексеріледі.

Баспана іздеуші аталған органдардың хаттамалары бойынша тексерілгеннен кейін өтініш берушіге ауруларының жоқтығына көз жеткізу үшін міндетті медициналық тексеруден өтуге жолдама беріледі. Сонымен қатар сауалнама арқылы әңгімелесу жүргізіледі.

Егер міндетті медициналық куәландырудан өту мерзімі өтіп кетсе, сондай-ақ пана іздеуші әңгімелесуге келмеген жағдайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пана іздеуші көрсеткен тұрғылықты мекенжайға келмеу себептерін түсіндіру үшін тапсырыс хат жібереді.

Өтiнiштi қарау мерзiмiн ұзарту үшiн негiздер болған жағдайда министрлік тиiстi шешiм қабылдайды. Ол туралы пана сұраушыға екi жұмыс күнi iшiнде хабарланады.

Пана іздеуші өтінішті қарау мерзімін ұзарту үшін бес жұмыс күні ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келмеген жағдайда өтінішті қарау тоқтатылады.