Қазақстанда қоқысты шығару тарифін 70 пайызға көтеру керек - Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы экологиялық жобасының жетекшісі Р.Фрост

None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін 70 пайызға дейін көтеру керек, қалдықтардың жойылу мәселесін зерттеген Еуроодақ сарапшылары осындай қорытындыға келіп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы экологиялық жобасының жетекшісі Р.Фрост мәлім етті.

«Біз Қазақстандағы қалдық-қоқыстардың шығарылу тарифін зерттей келе, олар тым төмендетіп жіберілген деген қорытындыға келдік. Белгіленген тарифтер тек қоқыстарды жинау жөніндегі пайдалану шығындарды ғана жабады, бірақ қалдықтардың жерге ұзақмерзімге көмілуіне кететін шығындарды ескермейді», деді Рассел Фрост.

Оның айтуынша, бүгінгі тарифтер тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға және оларды шығаруға кететін ағымдағы шығындарды жабу үшін және келешекте қалдықтарды жою саласына қажетті инвестициялар салу үшін қажетті соманың тек 30-50 пайызын ғана жинауға мүмкіндік беріп отыр.

«Әрбір тірі ағзанікі сияқты, қалдықтар көмілетін полигондардың да шектеулі циклы бар. Қалдықтар жиналған сайын, полигонды жабу және ондағы топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру керек. Ал бұл шаралар келешекте қомақты капиталдық инвестицияны талап етеді. Шығындарды келесі ұрпақтың мойнына жүктемес үшін, осы болашақ шығындар бүгінгі тарифтерде көрсетілуі тиіс», - деді Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы экологиялық жобасының жетекшісі Р.Фрост.

Фрост мырзаның атап көрсетуінше, бұл проблеманы шешудің екі жолы бар: не тарифті көтеру керек, не әкімдіктер қалдық-қоқыстарды шығару және көму жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін судсибиялар қарастырулары керек.

«Қалай болғанда да, бұл Қазақстанның өзі қабылдайтын саяси шешім», деді Р.Фрост.