Қазақстанда тау-кен металлургиясындағы алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығы таныстырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Eurasian Resources Group (ERG) Павлодар облысының Ақсу қаласында тау-кен металлургия саласындағы алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығын ашты. Мұнда бірден бірнеше мәселе шешіледі, олардың бірі — тау-кен және металлургия бағыттарындағы негізгі кәсіптер бойынша кәсіби құзыретті ресми түрде бағалау.
Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы кәсіби біліктілікті тану орталығы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен құрылып, Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сәйкестендірілді.
Мұнда металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы негізгі мамандықтардың құзыретін ресми түрде мойындау арқылы жұмысшы мамандардың дамуына нақты серпін беріледі.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізге жұмысшы мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандар қажет екенін атап өтті. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында нақты іс-қимылдар жасалып жатыр. Орталықты құру — адами капиталды дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиямыздың бір бөлігі. Сондықтан әрбір қызметкер өз деңгейін ресми түрде растай алатын, кәсіби беделін нығайтатын және өз құзыретінің еңбек нарығында сұранысқа ие екендігіне сенімді болатын жүйені құрып жатырмыз, — деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
Жаңа орталық қызметкерлерге біліктілігін растауға мүмкіндік береді, ал компания үшін персонал құзыреттерін жүйелі басқарудың, ашықтық пен бағалаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етудің, сондай-ақ өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырудың тамаша құралына айналады.
— Павлодар облысының Ақсу қаласында халықаралық стандарттар бойынша біліктілікті тану жөніндегі алғашқы орталықтың ашылуына куә болып отырмыз. Бұл өз кезегінде жалпы халық үшін, ERG компаниясы үшін, сондай-ақ өңір өнеркәсібі үшін өте маңызды, өйткені бұл орталықтар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа құзыреттерді алуға мүмкіндік береді, — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Орталықтың ашылуы Қазақстанның тау-кен металлургия кешені, сонымен қатар Павлодар облысы үшін айтулы оқиға болды. Бұл өңір негізгі кәсіпорындардың біразы шоғырланған еліміздің өнеркәсіп орталығы саналады.
Бастапқыда 12 негізгі мамандық бойынша бағалау жүргізіледі: жүк ілдіруші, ферроқорытпа балқытушы, металлургиялық өндіріс кранының машинисі, электрогаз дәнекерлеушісі, қолмен доғалық дәнекерлеуші, электр дәнекерлеуші, қопарушы, шахтер, экскаватор және тиеу-жеткізу машиналарының машинисі, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі.
Осы саладағы рәсімдер заңнама нормаларына байланысты ерікті немесе міндетті түрде жүзеге асырылады.
— Облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан осы айтулы оқиғаға орай құттықтағым келеді. Шын мәнінде, тарихи оқиғаға куә болдық. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылында кәсіби біліктілікті тану орталығын ашып жатқанымыз қуантады, — деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова.
Бұл орталыққа тек ERG қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар басқа кәсіпорындардың мамандары, студенттер, түлектер мен мердігерлер келе алатынын айта кеткен жөн.
Орталықты ашу үшін Ақсу қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі, мұнда әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндірушілердің бірі орналасқан, сондай-ақ Топтың энергетикалық дивизионының орталығы бар. Сондықтан ол бағалау процедураларының ыңғайлы болуын және өңірдегі мамандар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
— Кәсіби біліктілікті тану орталығы ERG-нің персоналды басқару және дамытудың цифрлық жүйесінің бір бөлігіне айналады. Осы орайда тәуелсіз сараптама нәтижелерін оқыту, мансаптық өсу және жұмыс орындары бойынша қойылатын талаптармен байланыстырамыз. Бұл қадамдар кадрлық шешімдерді нақты етеді, өндірістегі тәуекелдерді азайтады және кәсіби деңгейге арналған жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады, — деді ERG-нің Қазақстандағы бас директор Серік Шахажанов.
ERG алдағы уақытта кәсіптер тізімін кеңейтпек, сондай-ақ Рудный және Хромтау қалаларында осындай орталықтар ашуды жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, компания біліктілікті тану нәтижелерін ERG-нің корпоративтік оқыту жүйесімен интеграциялауды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде HR жүйелерде қызметкерлердің біліктілік деңгейін автоматты түрде есепке алуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.