Қазақстанда жыл сайын 140-қа жуық адам жүрек алмастыру отасына мұқтаж

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын 140-қа жуық адам жүрек алмастыру отасына мұқтаж. Бұл туралы бүгін Түрік әлемінің трансплантология қауымдастығының І Конгресінде «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры Абай Байгенжин мәлім етті.

«Қазақстанда жыл сайын 138 адам жүрек алмастыру отасына мұқтаж. Бауыр ауыстыруға - 250-300, бүйрекке - 1384, өкпеге - 3-5, ұйқы безіне - 37 адам. 2012 жылдан бері Қазақстанда 445 бүйрек алмастыру, 76 - бауыр және 21 жүрек алмастыру оталары жасалды. 2015 жылдың ішінде 11 адамға жүрек алмастырылды», - деді ол.

Оның айтуынша, трансплантация жағдайы сол елдегі медицина дамуының басты көрсеткіші болып табылады. Мамандардың пікірінше, мүшені ауыстыру бойынша сәтті оталар жасалса, ол мемлекеттің медицинасы жоғары деңгейде деген сөз.

Конгреске қатысу мақсатында Астанаға әлемнің 30 елінен 350-ге жуық трансплантология саласындағы жетекші мамандар келді. Құрметті қонақтардың арасында Түркі әлемінің трансплантология қауымдастығының негізін қалаушы және президенті, медицина ғылымдарының докторы Мехмет Хаберли мен Кувейт, Иордания, Ұлыбритания, Египет, Иран, Аустралия, Сауд Арабиясы елдерінің жетекші трансплантолог мамандары бар.

Конгресс аясында трансплантология саласындағы аспектілер - этика және заңнама, донорлық, трансплантология қызметін ұйымдастыру және үйлестіру, ағзаларды ауыстыру, иммуносупрессивтік терапия мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар, жасы үлкен пациенттер мен балаларға бауыр мен бүйректі ауыстыруға байланысты қиын оталарды өткізу бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.