Қазақстанда жылдың үздік мемлекеттік қызметшілері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсының қорытындысын жариялады. Бұл шара мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мен еліміздің үздік мемлекеттік қызметшілерін анықтауды көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл конкурсқа қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен 609 мемлекеттік қызметші өтінім берді. Конкурсқа кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қатыса алды.

Конкурс жеңімпаздары өңірлік және республикалық комиссиялардың шешімімен анықталды. Комиссия құрамы қоғамдық бірлестіктердің, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерінен, тәуелсіз сарапшылардан және мемлекеттік органдар қызметшілерінен құрылды.

Бірінші кезеңде эссе жазу арқылы кейстік тапсырманың тиімді шешімін ұсынған қатысушы екінші кезеңге – өңірлік комиссия мүшелерімен құрылымдық сұхбатқа шақырылды.

Сұхбаттасудан сәтті өткен үміткерлер республикалық кезеңге жіберілді. Республикалық кезеңде іріктелген қатысушылар комиссия алдында мемлекеттік қызметтегі өзекті мәселелерді шешу және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын таныстырды.

Финалистер процестерді бюрократиядан арылту, арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу, мемлекеттік қызметшілер арасында дебат институтын енгізу, өңірлерде цифрлық бастамаларды дамыту, туристік аймақтарды құру және т.б. бірқатар ұсыныстарын берді.

Республикалық комиссияның шешімімен 30 үздік ұсыныс іріктеліп, агенттіктің «Qyzmet news» телеграм арнасына ашық онлайн дауыс беру үшін орналастырылды.

Онлайн дауыс беру нәтижесі мен конкурс кезеңдерінде жинаған ұпайларына сәйкес республикалық конкурстық комиссия отырысының шешімімен 10 жеңімпаз анықталды. Жеңімпаздардың ең жасы 26 жаста болса, ең үлкені – 39 жаста.

«Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауының жеңімпаздары болып келесі қатысушылар танылды:

1. Шолпан Қалидоллақызы Нұрғалиева – Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы;

2. Мұрагер Амангелдіұлы Сауранбаев – Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары;

3. Асхат Амангелдіұлы Кенжебаев – Павлодар облысы Ақсу қаласы бойынша Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы департаментінің Статистика басқармасының басшысы;

4.​ Жарылқасын Талғатұлы Сақтаған – Алматы облысы Қарасай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы;

4. Нұргүл Нұрбайқызы - Қызылорда облысы Сот әкімшілігі департаменті Байқоңыр қалалық сотының бас маманы;

5. Ертай Мүбарақұлы Қуанбай – Абай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары;

6. Ерлан Асқарұлы Исабай – Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық кеден зертханасының Менеджмент және талдау жұмысы жүйесі бөлімінің басшысы;

7. Тамерлан Еркінұлы Әбілқасымов – Қарағанды қаласы әкімі аппараты жанындағы терроризм жөніндегі комиссияның үйлестіру мәселелері жөніндегі бас инспекторы;

8. Сәкен Ғалымұлы Түкібаев – Жетісу облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары;

9. Дінмұхамед Махамедгапурұлы Лесбеков – мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша экология департаментінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспекторы.

Жеңімпаздар агенттікте Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған шарада «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісімен марапатталды.