Қазақстандықтардың 3 пайызы ғана ағза донорлығы туралы ұстанымын ресми айқындаған

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Трансплантациялау мен жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина қазақстандықтардың 3 пайызы ғана ағза донорлығы туралы ұстанымын ресми айқындағанын мәлім етті. 

– eGov.kz порталында 134 мыңнан астам тұрғынның қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына қатысты ерік білдіру өтініштері тіркелген. Жалпы халықтың 3 пайызы ғана осы мәселеге байланысты үнін білдірді. Өз ұстанымын 18 бен 63-65 жас арасындағылар беруге тиіс. Елімізде бұл санатқа жататын 10 млн адам бар, - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде. 

Оның сөзінше, қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім білдірушілер саны артқанына қарамастан, бас тарту үлесі одан да жылдам өсіп келеді. 

– Бұл қоғамда әлі де сенімсіздік пен ақпараттану деңгейінің төмен екенін көрсетеді, - деді орталық басшысы.

Бұған дейін Назгүл Жангелдина елімізде 10 мың адам ғана донор болуға келіскенін мәлімдеген еді.