Қазақстандық ауыр атлеттер Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатына қатысуда

None
АШКЕНТ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Ташкенттегі «Өзбекстан» спорт кешенінде жасөспірімдер мен жастар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды.

Жарыста 1993-1994 жылдары туған бозбалалар мен бойжеткендер ағымдағы жылы тамыз айының 14-26-сы аралығында Сингапурде өтетін жастардың І Олимпиадалық ойындарының жолдамаларын сарапқа салады.

Байрақты бәсекеге әлемнің 24 елінен 200-ден астам спортшы қатысуда. Атап айтқанда, олардың қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Бангладеш, Катар, Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы, Малайзия, Сингапур, Сирия, Таиланд және т.д. елдердің өкілдері бар.

Қазақстанның атынан чемпионатқа Азамат Рымқұлов (56 келі), Владимир Абрамов (50 келі), Ерболат Жоламанов (56 келі), Рүстем Субай (77 келі), Болат Ыдырысов (85 келі), сондай-ақ Гүлзира Бекішева (53 келі), Әсем Сәрсекенова (53 келі), Жазира Жапаркүл (69 келі), Анна Нұрмұхамбетова (69 келіден жоғары.), Мәдина Ташкенбаева (58 келі), Сауле Сәдуақасова (63 келі) және Анастасия Швабауэр (63 келі) қатысады.

Чемпионат сәуірдің 16-сына дейін созылады.