Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Польшадағы халықаралық «Феликс стам» турниріне қатысады

None
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сәуірдің 20-25 күндері Варшавада бокстан ересектер арасында әйелдер мен ерлер арасында халықаралық «Феликс стам» турнирі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Бокс федерациясына сілтеме жасап.

Польша астанасындағы дәстүрлі бұл турнир биыл 27-ші рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АIBА) тәртібі бойынша өтетін жарыста ерлер 11, әйелдер 3 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Онда ел намысын 6 спортшы қорғамақ. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов - Біржан Жакыпов (48 кг), Данияр Төлегенов (54 кг), Данияр Елеусінов ( 64 кг), Серік Сәпиев (69 кг), Нұрдәулет Жарманов (75 кг) пен Рүстем Іргебаевқа (+ 91 кг) үміт артып отыр.

Биылғы Қазақстан чемпионатында астаналық Д. Төлегенов пен Д. Елеусінов өз салмақтарында чемпион атанған болатын. Ал оңтүстікқазақстандық Б. Жақыпов пен ақмолалық Н. Жарманов күміс жүлдегер болса, қарағандылық С. Сәпиев қола жүлде алған.