«Қазақстандық қазына 70 миллиард теңгеден қағыла ма?» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. Ақпанның 23-і. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 23-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Осы тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Серпінді серіктестік» деген тақырыппен беріліпті. «Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас тәуелсіздік жыл­да­ры ішінде жақсы жалғасып келе жатқаны белгілі. Айталық, әлемді шарлаған дағдарысқа қа­ра­май, сауда саласындағы екі­жақ­ты байланыс өткен жылы 12,2 миллиард долларды құрап­ты. Мұндай ілгерілеушілік мұ­най-газ, электр энергетикасы, атом энергиясы бойынша да оң қадамдарға ие болыпты. Ал аймақтар арасындағы қарым-қа­тынасқа келер болсақ, Ресейдің 70 өңірі біздің Отанымыздың ше­каралық облыстарымен серік­тестікте жұмыс жасайды. Олар­дың ішінде Челябі, Орынбор, Омбы, Свердлов, Новосібір облыстары бар»,- дейді басылым.

«Мың болғыр Міржақып атамыздың: "Оян, қазақ!" дегеніне де ғасыр айналып барады. Бірақ, соған селт еткен қазақ кей жерлерде қадау-қадау, ал көпшілігі әлі ұйқылы-ояу. Сол самарқаулығымызды пайдаланған кейбір пысықайлар ұлттың мұң-мұқтажын ойлағансып, жеке басының шаруасын түгендеп жүр. Шындығы керек, қазір "Қазағым!" деп қақылдағандардан қорқатын болдық. Ондайлар Жезқазған аймағында да баршылық. Кейінгі бір-екі жылдың өзінде "Тілім!" деп тебіреніп, "Елім!" деп еңірегенде жұртшылықтың жүрегін елжірететін екі азамат өздері басқарып отырған мекемелердің қаржы-қаражатын талан-таражға салып, ақыры тайып тұрды»,- деп жазған «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала қоғамдағы тағы бір келеңсіздіктің шетін ашыпты. Егжей-тегжейін «Сөзбен істің қабыспағаны қалай?» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Кедендік одақ күшіне мінісімен, қазақстандық қазына 70 миллиард теңгедей кірістен айырылмақ. Кеше қос шатырлы Парламент қабырғасындағы жиында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова осы деректі жария етіп, дабыл қақты»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Толығырақ «Қазақстандық қазына 70 миллиард теңгеден қағыла ма?» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Тарихи ескерткіштер көне заманнан сыр шертеді» даген атпен, «Мойнақ» археологиялық экспедициясының жетекшісі Жұман Смаиловпен болған сұхбат жарық көріпті. Сұхбатта қазба жұмыстарының қыр-сыры сөз болады.

«Қазақтың ырымы энергетикалық күшке айналып кеткен...» осы тақырыппен жарық көрген «Айқын» газетіндегі келесі мақалада жазушы-этнограф Зейнеп Ахметова салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпымыз жайында өз ойларын ортаға салыпты. «Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымы ұлттық кодқа, энергетикалық күшке айналып кеткендігін іштей мойындасақ та, жеме-жемге келгенде кежегеміз кейін тартып, үркіп тұратын кезіміз көп. Дегенмен, бүгінде сәбилерін бесікке бөлейтін, тұсаукесерге мән беретін отбасылар көбейді. Бұл - көңіл қуантарлық жағдай. Өз таным-нанымымыз өзімізге ғана жұғысты болатынын түсіне бастағандаймыз»,-дейді басылым.

***

«96 мың жәдігер 96 шаршы метр жертөледе тұншығып жатыр». «Алаш айнасы» газеті осындай тақырыппен Семейдің 127 жылдық тарихы бар Өлкетану мұражайындағы жәдігерліктердің көбінің жертөледе жатқанына алаңдайды. «Егер аяқасты тілсіз жау бола қалса, бүкіл тарихымызды өз қолымызбен отқа тастағандай боламыз» деп мұражай басшылығы дабыл қағып отыр. Бұл туралы газеттің 1-3 беттерінен оқи аласыздар.

«Доктринада қазақ ұлтының миссиясы анық та баса көрсетілуі тиіс. Қазақстан халқын біріктіру міндеті де қазақ халқына жүктелуі тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясына ұлттық саясатпен айналысуды жүктеу де қайта қарауды талап етеді. Себебі ұлттық саясатпен бір ғана мекеме емес, тұтас мемлекет, мемлекеттік ұйымдар айналысуы заңдылық»,- дейді саяси ғылымдардың докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова «Алаш айнасы» газетініне берген сұхбатында. Сарапшының доктринаға қатысты ұсыныстары туралы білгіңіз келсе, газеттің дәстүрлі «Дат!» айдарындағы «Топ етіп, бірден жоғары қызметке отырған адамнан халыққа пайдалы, мемлекетке тиімді шешімдер күту аса қиын» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.

«Гепатитпен ауыратын дәрігерлер тіс емдеп жүр». Осы тақырыппен берілген «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала елді елең еткізбей қоймайды. «Павлодар облысы аумағындағы 100-ден астам емханаға жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде 22 қызметкердің С және В гепатиттеріне шалдыққаны анықталған. Жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық тексеріске қатысқан 101 тіс емханасының 64,3 пайызы, яғни 65-інде дезинфекциялық-залалсыздандыру тәртібінің бұзылғаны әрі емхана ішіндегі инфекциялардың алдын алу шараларының талапқа сай жүргізілмегені анықталыпты»,- дейді басылым.

***

«Жеңіс күнгі көз жасы» осы тақырыппен берілген «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы мақалада Ұлы Отан соғысының ардагері, байырғы чекист Кәри Әбитов ақсақалдың өз аузынан айтылған әңгімесі баяндалыпты. «Салт атты адам «сүйіншілеп» айғайлап келе жатты. Немістер Берлинде жеңілгені туралы актіге қол қойыпты. Көптен күткен жаңалықты естіген солдаттар пилоткаларын аспанға атып, қуаныштан көз жастарын төкті. Өмірімде дәл осындай қуанған адамзатты екінші қайта көрмедім»,- дейді қария өз сөзінде.

«Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген, күдеріден бау тағып, кіреуке киген ата қазақтың, ор қояндай жүгіртіп, аш күзендей бүгілтіп, жалаулы найза қолға ұстап, ғұмыры ат белінде өткен, басынан небір күндер кешкен қайран қазақтың, күй атасы Кетбұғаны тудырған қазақтың арғы-бергі һәм бұрын-соңғы тарихында тұңғыш рет «Қазақтың 1000 күйі» шығады»,- деп жазды «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі саны. Жақсы хабарға жаршы болған мақала «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың мың күйі жарыққа шығады» деген тақырыппен беріліпті.

«Дәстүрлі музыкалық мұраны жинақтау осы жолы аса зор қарқынмен қолға алынды. Қазақ радиосы «Алтын қорының», Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы дәстүрлі музыка кафедрасы, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұражайы фонотекаларындағы дыбыс жазбалары пайдаланылды»,- дейді басылым.