Қазақстандық оқушылар Дүниежүзілік фольклорлық би фестивалінде өнер көрсетті

Видеодан алынған кадр
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Бельгияда «Номад» хореография академиясының жас шеберлері қатысқан Бүкіләлемдік фольклорлық би фестивалі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Дүниежүзілік фольклор фестивалі Бельгияның Сен-Гилен қаласында 40 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оған Қазақстан, Колумбия, Сингапур, Аргентина және Польшадан 15 мың көрермен, 3 мың бала, 300 өнерпаз жиналды.

Фестивальде «Номад» (Астана) хореография академиясының жас шеберлері «Қазақ даласының аңызы» спектаклін ұсынды.

Академия басшысы Айнагүл Нұрғазина «ҚазАқпарат» тілшісіне «Қазақ даласының аңызы» хореографиялық қойылымы махаббат тақырыбы мен адамдарды біріктіретін таңғажайып туынды екенін айтты.

Қойылым қазақ қызының батылдығы мен нәзіктігін, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүріне адалдығы мен қонақжайлығын көрсетеді.

«Қойылымның жарқын элементтерінің бірі – өзіндік ерекшелігі мен жаңашылдығымен таңғалдыратын костюмдер. Олардың дизайны мен түсі керемет үйлесім тапқан. Қойылымның өзі соңғы нота мен әртістердің соңғы қозғалысына дейін көрерменді жоғары эмоцияға бөлейді»,- деп атап өтті А.Нұрғазина.

Айта кетейік, қойылым әртістерінің барлығы балалар. Олар «NOMAD» хореография академиясының оқушылары.