Қазақстандық және польшалық бизнесмендер 1 млрд долларлық келісімшартқа қол қояды - Нұрсұлтан Назарбаев

None
ВАРШАВА. ҚазАқпарат - Қазақстандық және польшалық кәсіпкерлер ертең, 23 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға мемлекеттік сапары аясындағы бірлескен бизнес-форум кезінде 1 млрд АҚШ долларына екіжақты келісімшартқа қол қоюға ниетті.

Бұл туралы Польша Президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөз нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдемеде Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Қазақстан басшысы осымен  Польшаға үшінші рет  келіп отырғанын атап өтті. Елбасы Қазақстан мен Польша арасында тарихи және экономикалық қатынастарда ұқсастық көп деп санайды.

 «Біз Президент мырзамен (Анджей Дудамен) екіжақты келіссөз барысында саяси жағдайды жеке талқыладық, одан әрі экономикалық мәселелерді қарадық. Ертең бизнес-форум өтетінін хабарлағым келеді. Қазақстаннан 100-ден астам бизнесмен келді. Қазақстандық және польшалық бизнесмендер, менің деректерім бойынша, жалпы сомасы 1 млрд долларға екіжақты экономикалық келісімшарттарға қол қоюға ниетті», - деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Қазақстанда қазіргі уақытта 40 мыңнан астам поляк тұратынын, олар екі ел арасындағы «Достық көпірі» болып табылатынын еске салды. «Олардың Қазақстанда тіршілік кешкеніне биыл 80 жыл толады. Біздің Конституция және заңдарымыз бойынша  олар ел азаматтарымен тең құқылы. Бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүріп жатқан 130 этностың бірі. Олардың барлығына мемлекет қолдау көрсетеді», - деп қосты ҚР Президенті.