Қазақстанға келіп жатқан оралмандардың басым бөлігі - еңбекке қабілетті азаматтар
11:53, 06 Сәуір 2010
СТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда елімізге келіп жатқан оралман қазақтардың басым бөлігі - еңбекке қабілетті азаматтар. Сондықтан олар Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қоса алады.
Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көші-қон мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутат келтірген мәліметтерге сәйкес бүгінгі таңда еліміздегі оралмандардың жалпы саны 700 мың адамды құрап отыр. Олардың тең жартысы немесе 54,1 пайызы - еңбекке қабілетті азаматтар. Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған жастардың үлесі 41,2 пайызды, ал зейнеткерлер 5-ақ пайызды құрап отыр. «Бұған қарап, біздің елге келіп жатқан қандастарымыздың басым бөлігі еңбекке қабілетті әрі Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қоса алатын азаматтар екендігін нық сеніммен айтуға болады», дейді А.Соловьева.