Қазақстанның 15 өңірінде күн райына байланысты ескерту жарияланды

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - 12 қазанда еліміздің 15 облысында және Астана қаласында ауа райына байланысты ескерту жарияланды.

«Қазгидромет» РМК-сы болжамына қарағанда, Астанада солтүстік-шығыстан, шығыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15–20 м/с дейін жетеді.

Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында күндіз оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15–20 м/с дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі, батысы мен шөлді аймақтарында төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкент қаласында да желдің екпіні күндіз 15–20 м/с дейін жетуі мүмкін.

Алматы облысының солтүстігінде төтенше, ал батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында найзағай ойнайды. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғып, облыстың батысы мен оңтүстігінде күндіз 15–20 м/с дейін күшейеді. Солтүстігі мен орталығында жоғары, ал солтүстік-батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысының оңтүстігі, солтүстігі және шығысында жоғары, ал батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше, ал шығысы мен орталығында жоғары өрт қаупі болжанады.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, таңертең және күндіз солтүстігінде 15–18 м/с дейін күшейеді.

Абай облысының батысы, солтүстігі және орталығында түнде, ал күндіз батысы мен орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соғып, күндіз оңтүстік-батысында екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Өңірдің оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы мен таулы аймақтарында желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерлерде 23–28 м/с дейін күшейеді. Түнде таулы жерлерде 1°С шамасында үсік жүруі мүмкін. Батысы мен солтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең, ал күндіз батысы мен солтүстігінде тұман мен көктайғақ күтіледі. Жел шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, күндіз солтүстігінде 15–20 м/с дейін жетеді.

Жетісу облысында жел солтүстік-шығыстан соғып, шығысы мен таулы аймақтарында екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді. Түнде 1–6°С аралығында үсік күтіледі. Оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде және таңертең Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Облыс аумағында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Түнде және таңертең Атырау облысының батысында тұман түседі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында өрттің төтенше қаупі сақталады, ал солтүстік-шығысы мен батысында өрт қаупі жоғары болады.

Ақмола облысында солтүстік-шығыстан және шығыстан соғатын желдің екпіні түнде облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында 15–20 м/с-қа дейін, күндіз 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың оңтүстік-батысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз желдің солтүстік-шығыстан соғатын екпіні 15–20 м/с-қа дейін, ал облыстың оңтүстік-батысында 23 м/с-қа дейін күшейеді.

Осыған дейін Филиппиндегі қуатты жер сілкінісі салдарынан 7 адам мерт болғаны туралы жаздық.