Қазақстанның алтын қоры қосымша 98 тоннаға артты

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның алтын қоры қосымша 98 тоннаға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты. 

— Мемлекет басшысы Жолдауында геология саласын цифрлық жүйеге көшіру арқылы жаңа деңгейге жеткізу қажеттігін ерекше атап өтті. Осы міндеттерді жүйелі іске асыру арқасында бүгінде сала жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазір ел бойынша 103 түрлі пайдалы қазба және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынған. 2 900-ден астам лицензия және 250-ге қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт бар, — деді ол.

Оның атап өтуінше, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр кен орындары мемлекеттік есепке алынды.

— Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты, — деді Иран Шархан.

Айта кетейік, Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сонымен қатар халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр.