Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі артып келеді – саясаттанушы
АСТАНА. KAZINFORM – Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстан экономикасының жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі көрсеткішінің жақсаруына әсер еткен факторлар туралы айтты.
Бұған дейін Швейцарияның IMD бизнес-институты Қазақстанды әлемдік экономикалардың халықаралық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 34-орынға қойған.
Сарапшы Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық профильдік институттар қалай бағалайтынын талдады.
— Барлығы рейтингке 69 ел енген. Көш басында — Швейцария (1), Сингапур (2), Гонконг (3), Дания (4) және Біріккен Араб Әмірліктері (5). Жалпы, бұл білім мен технологияға прагматикалық түрде инвестиция салып, бизнеске қолайлы жағдай жасайтын, қоғамының алуан түрлілігін орынды қабылдайтын мемлекеттер. Біз ұмтылуымыз қажет бағыт осы елдердің үлгісі, мұны мен бірнеше жылдан бері айтып келемін, — деді Ғазиз Әбішев.
Рейтингте Литва — 21-орында, Эстония — 33-те, Латвия — 38-орында тұр.
— Еуразиялық кеңістіктен рейтингке енген жалғыз ел — Қазақстан, ол 34-орында. 2022 жылы еліміз 43-орында болса, 2023 жылы — 37-ге, 2024 жылы — 35-ке көтерілді. Ал 2025 жылы — 34-орынға шықты. Неге бұлай? Зерттеушілер халықаралық саудадағы қиындықтарды (санкциялық қарсы тұру мен жаһандық сауда соғыстарының әсері) және баға деңгейін (инфляцияны) атап өтеді. Алайда олар ішкі экономикалық өсімді және жұмыспен қамту бойынша жағдай жақсы екенін мойындайды, — деп түсіндірді саясаттанушы.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, мұнда демографиялық фактор да есепке алынады. Қазақстан халқы шамадан тыс көп емес және қалыпты қарқынмен өсіп келеді. Мемлекеттік қарыздың деңгейі орташа, ал негізгі басымдықтар индустрияландыру мен инфрақұрылым, цифрландыру, технологиялар және әлеуметтік жүктемені азайту болып отыр. Бұған қоса — ойластырылған сыртқы саясат.
Сонымен қатар саясаттанушы швейцариялық сарапшылардың еліміздің салық саясатын жоғары бағалайтынын, бірақ жауапты институттардың тиімділігіне әзірге сақтықпен қарайтынын айтты.
— Тіпті бұл рейтингке күмәнмен қарап, оны белгілі бір дәрежеде аванс ретінде қабылдағанның өзінде, ол бәрібір оң сигнал береді. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Ең бастысы білікті кадрларды сақтап, көбейту, нақты мақсат қою және оларды жүйелі түрде орындау, — деп түйіндеді ол.
Бұған дейін халықаралық сарапшы, Cambrian Futures жаһандық желісінің бас директоры Олаф Дж. Грот Қазақстанның жасанды интеллект бойынша әлемдік жарыста қандай орын алуы мүмкін екені туралы пікір білдірген еді.