Қазақстанның Прагадағы елшілігі Чех-Азия форумына қатысты
18:04, 04 Наурыз 2009
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат – Дүйсенбіде Прагада Чех-Азия форумы өтті, оған қаржылық институттардың, коммерциялық қауымдастықтар мен компаниялардың, сауда-өнеркәсіп палаталардың және шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Форумды Еуроодақ төрағасы, Чехия Премьер-министрі Мирек Тополанек ашты. Кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде ол: «Тұтастай алғанда Еуроодақ және Чехия Азия және Тынық мұхит аймақтарының серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерімен сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен маңыз беріп отырғанын» атап көрсетті.Форум қатысушылары өз елдерінің экономика, білім, туризм, экология және өмірінің басқа да қырларын баяндайтын экспозицияларын көрмеге қойды. Қазақстан Республикасының елшілігі елмізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық және инновациялық жобалар жөніндегі ақпараттық-анықтамалық материалдарды таныстырды.