Қазақстанның ұлттық қауымдарға достық көзқарасы - демократияның белгісі - Румыния Президенті
Румыния Президентін Қарағандыда облыс әкімі Серік Ахметов және румындардың «Дакия» облыстық қоғамының белсенділері қарсылады. Аймақ басшысымен бірге Т.Басеску мырза Спасск мемориалдық кешенінде болып, қазақ жерінде 1941-1950 жылдары румын әскери тұтқындары ретінде келіп, осында қазақ жерінде жерленген отандастарын еске түсірді, Мемлекет басшысы ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қоды.
«Қазақстан мен Румынияны жақсы саяси және экономикалық қатынастар байланыстырады. Бұл жерде үлкен румын қауымының болуы - үлкен қызығушылық тудырады және біздің байланыстарымызды бекіте түседі», - деді Т.Басеску диаспорамен кездесуде. Румыния Президенті «Дакия» қоғамының белсенділерімен ана тілінде әңгімелесті. Ол Румыниядан шалғайда болса да өз тілін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап отырған адамдарға алғыс сезімін білдірді.
«Қазақстан басшылығына және жергілікті өкімет орындарына біздің адамдарға жақсы көзқарасы үшін алғысымызды айтамыз», - деді Т.Басеску. Румыния Президенті румын тілін оқып-үйренуге қолдау көрсетуге әзір екендігін, мұнда өз оқытушыларын жіберетінін айтты.
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов Румыния Президентіне алғысын білдіре келіп: «Сіздің елімізге Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету басталып отырған тұста келуіңіздің мәні зор. Қазақстан - көпұлтты мемлекет, біздің Президентіміздің саясаты арқасында елде 140 ұлттық өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің жеріміз олардың туған еліндей болып кетті. Қарағанды облысында өмір сүріп жатқан румындардың талай ұрпағы осылай айтары сөзсіз», - деді.
Қарағанды облысында бүгінде 3,5 мыңнан астам этникалық румындар тұрады. 2005 жылдан бастап өзінің ана тілі мен мәдениетін түлету мақсатын көздеген «Дакия» қоғамы жұмыс істейді. Қоғам мүшелері Қазақстанның мемлекеттік және ұлттық мейрамдарына белсене атсалысады, румын ұлттық мерекелерін атап өтеді.