Қазақстанның ядролық қарусыздануға қатысты ұстанымы жыл өткен сайын дұрыстығын дәлелдеп келеді

None
әуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ядролық қаруды таратпау, тек бейбіт мақсаттарды көздейтін ядролық бағ­дар­ла­маны дамыту ХХI ғасырда бүкіл дүние жүзінің алдында тұрған маңызды проблемалардың біріне айналып отыр. Бұл проблема жаңа дәуірде іс-қимылдар бағыты бұрыс діни көзқарастарды желеу етіп, бейбіт жұрттың өмірін қиюға, ұлттар мен халықтарды өзара араздастырып, дүние жүзіндегі бейбітшілік пен келісімді шайқалтуға бағытталған түрлі лаңкестік ұйымдардың ордалы жыландай бас көтеріп жатқан тұсында өткірлене түсуде.

Қазіргі таңда жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы шығып жатқан, ядролық отынды тек бейбіт мақсатта пайдалануды жақтайтын озық ойлы саяси тұлғалар, жалпы сарапшылар алда-жалда ядролық қарулар лаңкесшілердің қолына түсе қалған жағдайда жер бетінің қандай күйге ұшырайтындығына қатты алаңдаулы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ресейлік «Известия» газетінде жарияланған «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласында да бұл мәселелерге айрықша назар аударылған. «Әлемде бүгінде тұтандырушы материалдар екі мың тонна төңі­регінде артық жинақталғанын қа­пер­ге сала кеткеннің артықтығы жоқ. Олар әскер жүйесінде пай­да­ланылып отырған жоқ, бірақ ядро­лық жарылғыш құрылғылар дай­ын­дауға әбден жарайды. Лаңкестер өздерінің қолдарына тіпті қара­байыр ядролық арсенал тиген жағ­дайда салмақты мемлекетаралық жанжалдарға арандатуды жүзеге асыра алатынын сезіне алып отыр­мыз ба?» дейді Н. Назарбаев мақаласында.

Расында да, қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі жауапты тұлғалар «лаңкесшілер ядролық қаруды қолдарына түсірулері мүмкін бе, түсіре қалған жағдайда әлем қандай күй кешеді», - деген сауал төңірегінде қаншалықты терең толғанып жүр екен? Лаңкесшілердің 2001 жылғы қыркүйектің 11-і күні АҚШ-та жасаған ойранына, содан кейінгі кездерде де әлемнің көптеген елдерін жазықсыз жандардың қандарын төгіп жатқан іс-қимылдарынан ой қорытатын болсақ, бар арман-мақсаттары адамның өмірін қиюға бағытталған лаңкесшілердің ядролық қаруды қолдарына түсіруі әбден мүмкін ғой. Себебі, 11-ші қыркүйек оқиғасы лаңкесшілердің әлемдегі қауіпсіздігі ең мықты саналатын мемлектетердің бірі, тіпті бірегейі - американың жүйесін бұза алғанын көрсетіп берді. Бұған ақыл-ойлары жеткен, бұл күрделі іс қолдарынан келген лаңкесшілердің, ядролық қаруды да уыстарына түсіруге қарекеттеніп жатпағандарына сірә ешкім де кепілдік бере алмас.

Ал тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ өңірдегі, жалпы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналдырған Қазақстан үшін ядролық қаруды таратпау, ядролық отынды тек бейбіт мақсатта пайдалану мәселесінде дүние жүзіндегі мемлекеттердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандығы» аса маңызды. Себебі, Қазақстан сияқты, қазақ елі тәрізді ядролық қарудың зұлматын, зардабын әлемдегі бірде-бір ел тартқан жоқ, тартпай-ақ та қойсын. Сондықтан да ядролық қарудың қорлығын бір кісідей білетін Қазақстан үшін әлемнің татулықтың тал бесігінде тербелгендігі аса маңызды. Кеңестік дәуірдің тұсында Қазақстан аумағында қырық жылдан астам уақыт бойы 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды. Ал бұл ядролық зарядтардың жиынтық қуатты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атам бомбасының қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Елу жылға жуық Қазақстан аумағында жүргізілген ядролық жарылыстар халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға теңдесі жоқ зиян келтірді. Бейбіт заманда адам қолымен жасалған бұл қиянаттан мыңдаған жандар көз жұмып, миллиондаған тағдыр зардап шекті, халық оның зұлматын әлі күнге дейін тартып келеді. Семей полигонындағы сынақтан радиациялық сәуле алған қазақстандықтардың жалпы саны бір миллион адамнан асып түседі. Ал полигонының төңірегіндегі экологиялық апаттың тек локальді зонасы 300 мың шаршы шақырымнан асқан. Қазақстан аумағының Германия аумағымен тең келетін тоғыздан бір бөлігі уланған тақырға айналды. Мамандардың бағалауы бойынша, ядролық сынақтар жүргізілген жерлердің топырағының өнімді әлеуетінің толықтай қалпына келуіне кем дегенде 300 жыл қажет екен.

Міне, айдың-күннің аманында басынан осындай нәубетті өткерген Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап әлемге өзін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танытты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы тамыздың 29-ы күнгі Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл тарихи қадам біздің мемлекеттің жаһандық қауіпсіздік саласындағы стратегиясын айқындады. Оның артын-іле шала Қазақстан қуаты жағынан әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз ықтиярымен бас тартып, оның инфрақұрылымын жойды. Ал ресми түрде ядролық қаруы бар мемлекеттер: АҚШ, Қытай, Англия, Франция және Ресей Қазақстанға басқа бір мемлекет тарапынан қауіп төнген жағдайда, біздің еліміздің тәуелсіздігін қорғаймыз деген шартқа қол қойды. «Полигон зардабын тартып, ядролық қарудан пайда болған қайғы-қасіреттен көз ашпай келген халқымыз бұл бастаманы зор ризашылық сезіммен қабыл алды. Біздің бұл шешіміміз жер шарының бейбітшілікті сүйетін миллиондаған адамдарына қуаныш сыйлады. Олардың бойында ядролық қаруды сынауды тоқтатуға болатындығы туралы сенім пайда болды. Семей полигонындағы жарылыстар халқымыз үшін орны толмас ауыртпашылықтар әкелді. Біздің балаларымыз бабаларымыз бастан кешкен тағдыр соққысына ешқашан душар болмақ емес. Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс», деп атап көрсеткен болатын Н. Назарбаев 2009 жылғы маусымның 18-де Семей ядролық полигонындағы сынақтың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Өкінішке қарай, Қазақстанның полигонды жауып, жапай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартқан бұл қадамынан үлгі алғандардың қатары әзірге аз болып тұр. Керісінше, қазіргі таңда дүние жүзінде ядролық қаруды иеленген елдердің саны азаюдың орнына, бейресми түрде жыл санап көбейіп келеді. Содан да болар әлем мазасыз болып барады. Бүгінде дүние жүзіндегі мемлекеттерді Солтүстік Корея, Иран, Үндістан, Пәкістан сынды елдерде жүргізіліп жатқан ядролық сынақтар қатты қобалжытып отыр. Бұл мемлекеттердің ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартта қолдары жоқ екенін ескерсек, олардың жаңағыдай әрекеттері әлемдегі алпауыт елдермен арадағы саяси қарым-қатынастарына кесірін тигізуде. Құдай оның бетін ары қылсын, егер алда-жалда ядролық қаруға қатысты соғыс оты тұтанатын болса, бұдан сайып келгенде еш кінәсі жоқ қарапайым халық, табиғат ана зардап шегеді. Бұған Ирактағы қазіргі ахуал айна-қатесіз дәлел. Себебі, кіші Дж. Буштың кезіндегі Ирактағы соғыс бастапқыда «бұл елде ядролық қару бар ма, жоқ па?» деген мәселеден басталғанын әлем жұртшылығының есінде. Осы орайда Н. Назарбаев «Известиядағы» мақаласында ядролық державалар клубының бақылаусыз кеңею қатері - ХХІ ғасырдағы аса көкейкесті пробле­ма­лардың бірі екенін айтып, егер халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі әбден мүмкін екенін ескертеді. «Біз кейбір айтарлықтай ық­пал­ды елдердің күні бүгінге дейін Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салуға қол қоюдан және ра­ти­фикациялаудан қашқақтап отыр­ғанына өкініштіміз. Мұндай жағдай ресми ядролық мемлекет­тер­ге ядролық қаруды сынақтан өткізуді жалғастыруға, ал соның табалдырығында тұрған елдерге өздерінің зымырандық-ядролық бағдарламалары бойынша жұмыс­тар­ды ешбір жазасыз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр», дейді Н. Назарбаев.

Енді бейбіт мақсаттарды көздейтін ядролық бағ­дар­ла­маға қатысты бірер сөз. Әрине, ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрбір тәуелсіз мемлекеттің құқығы. Жоғарыда біз айтып өткен Солтүстік Корея немесе Иран ядролық бағдарламаны тек бейбіт мақсат үшін пайдаланып жатқандарын айтуда. Ал ресми түрде ядролық қаруы бар мемлекеттер болса, олардың бұндай уәждерімен келіспейді. Бір сөзбен айтқанда қазіргі таңда дүние жүзіндегі мемлекеттер арасында ядролық материалдарды пайдалануға қатысты өзара сенімсіздік (мүмкін бақталастық) қалыптасып отыр. «Известия» газетіндегі мақаласында Қазақстан басшысы бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаларды дамыту - егемен мемлекеттердің ажырамас құқығы екенін айтып,халықара­лық-құқықтық ке­ңістікте қалу және тек қана бейбіт бағыттағы ядролық бағдарлама­лар­ды дамыту мемлекеттер үшін эко­но­микалық тұрғыда тиімді болуы тиістігін атап көрсетеді. Сондықтан да ядролық терроризммен күрес саласындағы жаһандық күш-жігер мен халықаралық құқық тұрғысынан алғандағы ашық ядролық бағдарламалар арасында ойластырылған тепе-теңдік қажет. «Табиғи уранның ірі қорларына, технологиялық базаға, дамыған инфрақұрылымға ие Қазақстан да бейбіт бағыттағы ядролық бағ­дар­ла­маны дамытуға деген өзінің заң­ды құқығын пайдаланатын бола­ды. Біз шетелдік әріптестерге ши­кізат жеткізуші рөлімен шектеліп қалмай, әлемдік технологиялық тізбекте неғұрлым лайықты орын алуға ұмтылатын боламыз», дейді Н. Назарбаев. Осы орайда Президент былай мәлімдеді: «Қазақстанның бейбіт бағытта­ғы ядролық бағдарламаны әскери бағыттағы бағдарламадан бөліп тұр­ған шекараны ешқашан атта­май­тынына сендіре аламын».

Ақ үйге Б. Обама жайғасқалы бері соңғы жылдары АҚШ пен Ресей арасында қалыптасқпан салқын қарым-қатынасқа жан біте бастады. Былтыр Англиядағы кездесулерінде Б. Обама мен Д. Медведев ядролық қарусыздануға және стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқартуға келісіп, стратегиялық қару-жарақ­тар саласында жаңа келісім-шарт бекіту жөнінде уағдаласты. Бұның өзі ядролық қарусыздануды жақтайтын мемлекеттер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін жақсы жаңалық болды, әлемді тыныштандыруға жасалған бір батыл қадам ретінде бағаланды. Қазақстан басшысының «Известия» газетіндегі мақаласын қысқаша түйіндейтін болсақ, тек бүкіл әлемдік қоғамдастықтың сындарлы және келісілген іс-қимылдары ғана ядролық қауіпсіздік проблемасын шешудегі тиімді құралдар бола алады.

Семей ядролық полигонындағы сынақтың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Менің ойымша, алдағы онжылдық барлық әлем үшін сындарлы болады. Бұл жылдар біздер ядролық ажал қылышынан толық құтыла аламыз ба немесе ол бұдан кейін де адамзатқа одан әрі қауіп төндіре бере ме, соны көрсетеді. Сондықтан ядролық қаруды таратпау тетіктерін қайта қарастыруға бірден кірісу керек», - деп атап көрсеткен еді. Елбасының осы пікірі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Әлемдік қоғамдастық та бұны мойындап отыр. Осы орайда әлемдік қоғамдастық жуырда АҚШ-та өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің қорытындысынан ядролық қарусыздануға қатысты ізгі жаңалықтар күтуде. Ядролық қарусыздану саласындағы дүние жүзі елдерінің келешектегі қадамдары көп жағдайда осы сәуір саммиттінде қаралатын мәселелерге, онда қабылданатын шешімдерге байланысты болмақ.