Қазақстанның жол полициясы жол қозғалысын бақылау жүйесін оңтайландыруда - Қ. Тыныбеков

None
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның жол полициясы жол қозғалысын бақылау жүйесін оңтайландыру шараларын қолға алды.

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің қоғамдық кеңесінде комитет басшысы Қайрат Тыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап көрсеткеніндей, былтыр Қазақстанның жеті қаласында жол қозғалысын тек автошолғыншы әдісімен бақылау тәжірибесі енгізілген. «Бұл әдіс - көлік қозғалысының ішінде жүріп, жол ережелерін бұзудың алдын алуға және оны ескертуге мүмкіндік берді. Басқа да заңға қайшы әрекеттерге қарсы жылдам іс-қимыл жасауға жол ашты», дейді Қ. Тыныбеков.

2010 жылдың ішінде 400 мың құқық бұзушылықтар анықталды, соның қатарында 12 мыңға жуығы көлікті мас күйінде жүргізу оқиғалары. Ішімдік ішіп көлік басқарғандардың 8 мыңы жүргізу куәліктерінен айырылды, 1,5 мыңы әкімшілік қамауға алынған.

Соңғы он жыл ішінде Қазақстанда 30 мыңнан аса адам жол апатынан көз жұмған, ал 160 мыңы түрлі жарақаттар алды. Республика бойынша, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтіліп, «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыздар, балалар!» сияқты алдын алу шаралары ұйымдастырылады.

Қоғамдық ұйым өкілдері, «Нұр Отан» партяисының мүшелері кеңес барысында жолдағы балалар жарақаттарының алдын алу және жергілікті жол полициясының жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Бұл пікірлер алдағы уақыттары жол полициясының қызметін оңтайландыру бойынша жасалатын шараларды орындау кезінде ескерілетін болады.