«Қазмырыш» тарбағатайлықтарға көмек жөнелтті

None
ӨСКЕМЕН. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - «Қазмырыш» компаниясының қызметкерлері тасқын судан зардап шегіп отырған тарбағатайлықтарға көмекке азық-түлік өнімдері тиелген КамАЗ көлігін аттандырды.

Сегіз тонналық жүк көлігі ауыл тұрғындарына жарма, ұн, ет және қалбырланған балық, шай, сүт, май, қант, тұз сияқты бірінші кезектегі қажетті өнімдерді жеткізеді.

«Қазмырыш» қызметкерлері Тарбағатайға жалпы есеппен 2 миллиондай теңгенің азық-түліктерін жіберіп отыр. «Қазмырыш» сондай-ақ зардап шеккен ауданға мемлекеттің гуманитарлық көмегін жеткізіп жатқан көлік компанияларының қызметтері үшін тағы 1 миллион теңге қаржы аударып отыр.