"Қазпошта" АҚ-ы қашықтық сауданы дамытуға мүдделі тараптарға пошталық және қаржылық қызметтерін ұсынуға дайын

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматы облысы Талғар ауданындағы "Ақ бұлақ" спорттық-сауықтыру орталығында қашықтық сауда туралы "Сауда миссиясы" семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны "Қазпошта" АҚ-ы Ресейдің Ұлттық қашықтық сауда қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Оған әлемнің 30-ға жуық елінен түрлі компаниялардың өкілдері қатысуда. Мамандардың айтуынша, қазір қашықтық сауда бизнестің қарқынды дамып келе жатқан және келешегі кемел бағыттарының бірі болып отыр. Ол Еуропа елдерінде жалпы ішкі өнімнің 7 пайызына жуығын құрайды. "Қазпошта" АҚ-ның пошталық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Байжігітовтің айтуынша, олар нарықтың бұл саласын дамыту үшін соңғы кезде бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Соның бір бағыты ішкі нарыққа шетелдік компанияларды тарту болып отыр. "Қазпошта" қазіргі таңда қашықтық сауданы дамытуға мүдделі барлық тараптарға пошталық және қаржылық қызметтерін ұсынуға дайын.